Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Қазақстандағы және араб елдеріндегі ислам туралы тұжырымдық түсіндірме жүргізді. Бұл – дін мен дәстүр, ислам мен арабизмге байланысты аражікті ажырату үшін ұйымдастырылған шара, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгінде келсін-келмесін «арабқұл» деген сөзді қолданатындар көбейіп барады. Қасиетті Құран Кәрімдегі сүре-аяттардан мысал келтіретін мешіт имамдарына да бұл сөздің бағытталып жүргенін естіп қаламыз. Бір қарағанда, бұл ұлтшылдық, қазақтың болашағын ойлағандық болып көрінуі бек мүмкін, бірақ мұндай пікірді көбіне білместікпен айтып жүргендер байқалады. Құран-хадиссіз біз исламды тани алмаймыз. Екінші жағынан әсіре діншілдер бүкіл денесін тұмшалап, хиджаппен бүркеніп, сан ғасыр ұлтпен бірге жасасып келе жатқан қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін мансұқтағанынан да осындай ашу-ыза туады. Бұл ашу-ызаның бір ұшқыны имамдарымызға тиіп кетіп жатыр.
Осындайда бабаларымыз даналықпен дәл тауып, таяқтың екі ұшы бар дегені еске түседі. Әрине, осылай екен деп қол қусырып отыра алмаймыз. Мемлекет осындай түсінбеушіліктің бәрін ретке келтіруге күш салуда. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының аталмыш тақырыпта шара ұйымдастырып отырғаны мемлекеттік ұстанымнан туып отырған әрекет деп қабылдауымыз керек. Яғни, бағытымызды білу үшін арабтың ұлттық дүниелері мен исламды ажыратып алғанымыз ләзім.
Әрине, ол үшін білім керек. Ал білім өзіңді-өзің танудан басталады. Өзің дегеніміз – тарих, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр. Осы жерде айтарымыз анық, ойымыз түсінікті болу үшін ҚМДБ шығарған «Дін мен дәстүр» ІІ кітабынан үзінді келтірейік: «Бұрын қазақтың тілі мен дәстүрін, әсіресе, одан мүлде бейхабар, мәдениеті басқаша қалыптасқан жандарға үйрету керектігі өзекті болса, қазірде қазаққа бірден-бір жанашыр деген дін ғалымдары мен қызметкерлерінің өзін қазақтың дәстүрі мен тіліне үйрету қажеттігі туындап отыр. Қазақтың мәдениеті мен дәстүрін, тарихын, мемлекеттігін жоққа шығарып жүргендердің негізі өзге елдің мәдениетімен уланғандар. Олардың дені дінді шет елде үйреніп, өмірлік көзқарастары мен ғылыми пікірлері сол жақта қалыптасқандықтан, көп жағдайда өз ұлтының ұлттық болмысы мен мәдениетінен, мол тілдік мұрасы мен әдет-ғұрыптарынан бейхабар қалып жататыны бар. Негізінде өзінің ұлтына, еліне, діліне, тіліне деген менсінбеушілік, өткеніне өштікпен қарап, болашағына сенбеудің арты жақсылыққа апармайды».
Міне, бұл күрделі мәселе. Діни қызметкерлер ғана емес, біздің еліміздегі көптеген мекемелердегі проблема осы. Қай проблеманың арғы түбіне үңілсеңіз тірелетін жері тіл. Тілден діл, тарих, мәдениет болып жалғасып кете береді. Мысалы үшін шетелден білім алып келіп, ол жақтағы мықты технологияны елімізге енгізгісі келетін азаматтар бар. Бірақ олардың кейбірі сәтсіз болып жатады. Өйткені олар сол білім алған елдегі жағдаймен, солардың көзқарасымен қарайды. Жергілікті ұлттың өмір сүру қалпына, менталитетіне назар аудармайды. Демек прагматиканы тілмен айтады, ділмен сезінбейді. Прагматика тек таптаурынға айналған әдет-қылықпен ғана күресу емес. Прагматикаға заманға сай жасамаққа ниеттелген рефоманың жергілікті халықтың ұлттық болмысын, өмір сүру салтын, жалпы халықтық түсінігін ескеру де жатады. Оны ескеру үшін ұлттың тарихын, мәдениетін, ең бастысы тілін білу міндет.
Айталық, шетелден уланып келгендер деструктивті діни топтардың сойылын соғып кеткені де ащы шындық. Анығында теріс діни топтардың іздегені ізгілік емес, діннің атын жамылып өздерінің арам пиғылдарын іске асыру, мемлекеттің ішін іріту, татулықты бұзу, халық арасына сенімсіздік ұялату, дәстүр-салтты жоққа шығару. Сөйтіп халықтың негізгі сүйенетін діңгегінен айыру. Миы уланып, санасы былғанған, ұлттық өзегінен, дәстүр-діңгегінен айрылған адам қалай икемдесең солай жүреді, не айтсаң соған сенеді. Соқыр сенімге еріп, аяғында азап шегіп, қиындық көріп, ағайынынан ажырап, шаңырағы шайқалып, түрмеге қамалып, тағдыры тәлкек, өмірі өксікке толған қаншама жандар бар.
Мұндай жағдайға жеткізген деструктивті топтардың улы идеологиясы.
Теріс діни ағымдар улы идеологиясымен қатар сыртқы пішінге де шабуыл жасайды. Азғыру мен алдау арқылы тұзағына түсірген әйелдерді қарамен тұмшалап, ерлердің балағын шолтитып, ұлттық ұсқыннан айырады. Жалған діннің жасағына айналғандардың ішін де, сыртын да өзгертеді. Ал шындығында қазақы ұлттық киімдеріміз ислам шарттарына еш қайшы келмейді. Орамал тағу, кимешек кию, шапан жамылу, қай-қайсысы да өзіндік ерекшелігімен құнды. Ою-өрнегі, тігісі мен тілігі-бәрі де философияға толы.
Ал көзін тұмшалап қараға бүркеніп оранудың біздің ұлтқа, дәстүрімізге еш қатысы жоқ. Оны кию-кимеу туралы даулы әңгіменің ел арасында, баспа беттерінде толассыз жүріп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Бұл тақырыпқа нүкте қоятын уақыт жетті.
Этнографтар, тарихшылар, зерттеушілер бірауыздан хиджабтың қазақ әйелдерінің киімі болмағанын растайды. Рас, исламдағы төрт мазһабта да әйелдер сырт көзге ашық-шашық көрінбеуді айтады. Бірақ қазақ халқында бүкіл денесін тұмшаласын деген түсінік жоқ. Тіпт тілдік қорымызда хиджаб деген сөз жоқ. Керісінше жоғарыда айтқан кимешек, орамал, сәукеле, камзол, шапан, көйлек, т.б. ұлтымызға тән киімдерді кездестіреміз.
Анығында ата-баларымыз бізге қарағанда имандырақ, исламға адалырақ болғанын байқайымыз. Олай дейтініміз болашақтың жақсы болуы үшін өткенімізден өнеге алып жатқанымыздан мыңдап мысал келтіре аламыз. Араб елдерінен келіп жатқан ақпараттар ылғи да дұрыс деуге болмайды. Тарихқа қарайтын болсақ, біздің бабаларымыз исламды бейбіт түрде және төрт бағыттың ішіндегі Ханафи мазһабын қабылдаған. Ханафи мазһабын әлем бойынша 80% мұсылмандар ұстанады. Шындығында арабпен салыстырғанда қазақ халқы исламға дейін-ақ әруақты сыйлап, өмірден өткендерін құрметтеген, қыз қонақ деп қыздарын төрге отырғызған. Мұның шариғат қағидаларына ешқандай қайшылығы жоқ.
Сондай-ақ, қысқа балақ пен бей-берекет өсірген ұзын сақал бізде болмаған. Жалпы ұзын сақал мен қысқа балақтың исламға мүлде қатысы жоқ. Бұл тек сыртқы форма ғана. Иман сыртықы формамен емес, ішкі иманмен, адал жүрекпен өлшенеді. Деструктивті діни топтардың исламның атын жамылып, ойлап тапқан өтірігіне сенуге болмайды. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев бірнеше рет: «Қысқа балақ пен сақал біздің тарихымыз емес» деп кесіп айтқан болатын.
Осыларды қорыта келе түйгеніміз қазақылық пен арабтың айырмашылығы жер мен көктей. Ислам дінін ұстану араб болу емес. Ата-бабаларымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерін қабылдаған, өсиетіне аса назар аударған, бірақ араб ұлтының ұстанымына ауып кеткен жоқ. Сондықтан өзінікін қаңсық, өзгенікін таңсық қылып жүргендерге ұлттың тарихын, құнды мұраларын парақтап, тағы бір толық танысуына кеңес береміз. Өздері түсінбегенімен қоймай, өзге қандастарымыз бен жерлестерімізді, отандастарымызды шатастырмаса екен дейміз. Мемлекеттің тұтастығы, еліміздің тыныштығы бәріміз үшін маңызды. Өзгені емес, өзіміздің құндылығымызды өнеге тұтайық!
Еділ АНЫҚБАЙ