Астананың дәл іргесінде орналасқан Қосшы мен Тайтөбе елдімекенінің тұрғындары жергілікті билікке ашулы. Мұндағы 328 отбасы өз қаржыларына сатып алған жерлерінен айрылып қалуы мүмкін. Өйткені, прокуратура бұған дейін әкімдіктің жер телімдерін заңсыз үлестіргенін айтқан болатын.
Дегенмен, бүгін аталған орган қызметкерлері атышулы істе әкімдіктің кінәсі жоқ екенін, жер телімдерін қылмыстық топ өкілдері сатқанын мәлімдеді.
«Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты осынау жер телімдерін заңсыз бергені, тіркегені және сатқаны үшін қылмыстық топтың үстінен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген ҚР Бас прокуратурасының NewTimes порталы тілшілеріне берген жауабында. Дегенмен, құзырлы орган өкілдері қылмыстық топтың құрамында кімдердің бар екенін айтпаған.
Ал, аталған елдімекендер қарайтын Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин болса жерді сатып алған халықта кінә жоқ екенін, қазір сату схемасының қалай жүзеге асқанын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Халықтың еш кінәсі жоқ. Бұл жерлерді сатып алған адамдар заң аясында әрекет еткен, алаяқтық жасамаған. Біздің қазіргі басты мақсат - қылмыстық топты анықтап, оны кімнің басқарғанын білу. Қандай да бір шара қолданбастан бұрын біз жәбірленген тұрғындардың проблемасын шешудің жолдарын қарастыруымыз қажет», — деді Кулагин әкімдіктің жер мәселесіне қатысты өткізген жиынында.
Ал, алданған тұрғындар болса жерімізді бермейміз деп бекініп отыр. Көбісі үй де салып алыпты. Біреулері құрылысты енді бастайды.
«Мен жер телімін 2014 жылы сатып алдым. Сатып алу үшін үш жыл жұмыс істедім. Ал, құрылысқа қажетті ақшаны жинау үшін тағы бір жыл тер төктім. Ал, енді белгісіз адамдар келіп, жерді босатуымды талап етуде. Қолдарында жердің меншігі туралы құжаттары бар. Дәл сол құжат менде де бар. Ал, биыл белгілі болғандай, бұл жер телімі тағы үшінші адамға да сатылған екен. Билік жерімізді жалға бермекші. Ұят-ай! Алдымен өз халқын жарылқап алмайды ма?!», — дейді Асхат Қапбасов есімді жергілікті тұрғын.
Диана Әділбекова да алданғандар қатарында. Бірақ оның телімі бірнеше адамға сатылмаған. Тек, мемлекет қайта алып қоймақшы.
«Біздің конституциялық құқықтарымызды мемлекет не үшін қорғамайды? Жап-жақсы күндердің бірінде сізге телефон соғып: үй сіздікі емес, жер сіздікі емес деп айта салады. Бұл дегеніңіз барып тұрған сорақылық. Біз облыстық сотқа апелляциялқ шағым түсірдік. Қуанышымызға орай, онда алғашқы соттың шешімін жоққа шығарып, күшін жойды. Содан кейін ғана бізде үміт оянып келеді. Жалпы, біз мына жерлерімізді жайдан-жай бере салмаймыз, ол үшін күресеміз. Бұл жайт билік үшін масқара!» — дейді ашынған әйел.
Зифа Жакеева болса жер сатып, үй салу үшін 150 мың АҚШ долларын жұмсаған. Енді жалғыз мүлкін билік алып қоюы мүмкін.
«Біз бар-жиған тергенімізді осы үйге салдық. Бізді ескертпей үйді бұғаттап тастапты. Араға екі ай салып, мына дау көтерілген кезде ғана оны білдік. Бізді тіпті алғашқы сот инстанциясына шақыруды да ұмытып кеткен. Өзіміз жүгіріп жүріп, билікке қайтарылатын 30 телімнің арасында біздің де жеріміздің бар екенін білдік. Ал, мемлекеттің беріп жатқан өтемақысы тым аз. Егер мәселеміз оң шешілмесе халықаралық ұйымдарға шағымданамыз. Келер жылы ЭКСПО көрмесі болатыны белгілі. Біз сол жерге барып та шу шығаратын боламыз», — дейді Жакеева.
Айта кетейік, Қосшы мен Тайтөбе елдімекендері Астанадан 20 шақырым қашықтықта орналасқан.