$ 494.87  520.65  4.91

«Жоқшылық заманда мені күрішке айырбастаған»: анасымен 25 жыл көріспеген келіншектің оқиғасы

Жезқазғанда туған Мереке Қызылордаға қалай «тап болды»?
Фото: azattyg. ruhy
Фото: azattyg. ruhy

Мереке Тауманова – Қызылорда қаласының тұрғыны. 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, шағын кәсіп иесі, ата-енесінің батасын алған сыйлы келін және сүйікті жар.

Мерекені бар болғаны 3 жасында туған ата-анасы күрішке бола бөтен адамдарға бере салған. Жезқазғанда тұратын, мал бағумен айналысқан шаруа отбасы 90-жылдардың қиын кезеңінде жан бағу үшін қарызға күріш алған. «Ақша түскенге дейін қызымызды кепілге ала тұр» деп уәде еткен ата-ана сол беті Мерекенің артынан іздемеген.

«Сол күн еміс-еміс есімде қалған. Жезқазғандағы әке-шешемнің үйінен машинаға отырғызып, Қызылордаға беріп жіберді. Мен үйімнің тұңғышымын. Өзімнен кейін туған бауырым бесікте жатты. Сол бейне көз алдымда қалып қойды. Шамамен 3 жаста едім, мені Қызылордада тұратын күйеуі жоқ жалғызбасты әйелге кепілге берді. 2 ұл, 1 қызы бар-тын. 3 жастан бастап 2-сынып оқығанға дейін сол үйде тұрдым», - дейді кейіпкеріміз.   

Мерекені полицияға көршілері табыстаған. Себебі, кепілге алған әйел балаларын тастап, күнкөріс қамымен Алматыға кеткен. Ал оның балалары кішкентай Мерекеге қарамаған. Көршілерден нан сұрап бара берген соң, олар полиция шақыруға мәжбүр болған.

«2-сынып оқып жүргенімде Қызылорда қаласындағы №1 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мектебіне тап болдым. Еш құжатым жоқ. Сол себепті де ата-анамның кім екені анықталмады. Сот оларды «ата-ана құқығынан» айырды. Мен тас жетім болдым. Әлі есімде, балалар үйін паналаған 90 пайыз баланың ата-анасының бірі немесе туысы болсын, келіп жататын. Маған ешқашан ешкім келген емес», - дейді Мереке.

 

Фотосурет: Мерекенің үш қызы мен ұлы

2006 жылы мектепті аяқтаған ол шығармашылық емтихан тапсырып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын «хореограф-педагог» мамандығымен аяқтайды.

«Университетте оқып жүргенімде жолдасыммен жолықтым. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген апайым інісімен таныстырғысы келетінін айтты. Міне, сол кісі менің жолдасым. Үш айдай кездесіп жүріп, шаңырақ көтердік. Қазір ата-енеммен бірге тұрамын. Олар тамаша жандар! Менің туған ата-анама айналды... Кішкентай кезімнен бері туған анамның есімі «Аманкүл» екенін ғана білетінмін. Өмір бойы сағынышпен күткен, іздеп, таба алмаған туған анамның телефон нөмірін жолдасым анықтап, тауып берді», - дейді.

Мереке алғаш рет анасымен 29 жасында жолықты. Алдымен, туған інісімен қауышып, одан кейін Қызылордаға анасын шақыртып, күтіп алған.

«Өмір бойы анама «Аштықты бірге көрер едік, мені неге беріп жібердің?» деген сияқты сұрақ қойғым келді. Алайда, қоя алмадым. Анамды алғаш көрген кезде сұрақ қоюдың қажеті жоқ екенін түсіндім. Білесіз бе, ол кісінің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Табиғаты сондай кісі. Әкем екеуі мені беріп жібергеннен кейін ажырасып кеткен екен. Анамды көргенде «кінәлісің» демедім, алғысымды ғана айттым. Бір құшақтадым. Ол кісінің де қатты қобалжып тұрғаны көрініп тұрды. 1 аптадай қасымда болды», - дейді Мереке.

Мереке сол кездесуден кейін қайтып көрмеген. Алайда, Қарағанды қаласында тұратын туған інісімен және анасымен телефон арқылы байланысып тұрады.

«Мен бәрін де ақ парақтан қайта бастауға дайынмын. Қызылордаға шақырдым. Келсе, жұмыс тауып беруге, көмектесуге әрдайым дайынмын», - дейді Мереке. 

 

Ата-анасыз көп қиындық көрген Мереке қазіргі жетістігіне күрескерліктің арқасында қол жеткізгенін айтады. Қызылордада той орталығын ашқан, шағын наубайханасы бар. Өткен жылы Мереке балалар үйінен шыққан көп отбасына көмек бергені үшін алғыс хатпен марапатталды.

«Жетімдер үйінде өсіп жатқан көп бала өз құқығын білмейді. Мәселен, мен де сол білімсіздік кесірінен үй кезегіне тек 2015 жылы тіркелдім. Алдағы 10 жылда үйге қол жеткізуім мүмкін. Статистика бойынша елімізде жетімдер азайып жатыр, шүкір. Балалар үйіндегі түлектерге қолдау көбірек болса деймін. Олар өз құқығын жетік білмегендіктен көп қиындыққа тап болып жатады», - дейді Мереке. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары