Украинадағы майдан сияқты табандап тұрып алмаса бұдан түк те шықпайды дегенмін, сол расқа айналды, дейді Facebook парақшасында сарапшы Қуаныш Еділхантегі.
"Енді бір аптадан кейін жинал не, жиналма не - одан түк те өзгермейді меніңше, себебі жағдай сол Хабаровскідегідей болады да қояды. Хабаровскіде адамдар жарты жылдан астам көшеге шығып жүрді - сонда не бітірді? Фургалды бәрібір босатқан жоқ. Бүкіл Сібір қолдап шығады деп еді, одан да түк шықпады.
Осы жағдайдың біз үшін үлкен плюс жағы бар. Ол мынада: егер қарсылық акциясы жеңіп, айталық Путин орнынан кетіп орнына Навальный келді делік. Мұндай жағдайда Навальный өзінің Батыс көшбасшыларымен таныстығын, кейбірімен достығын пайдаланып Ресейге салынған санкцияларды алдырып тастауы мүмкін. Мысалы Франция, Германия дегендер тек АҚШ-тан "ұялғаннан", жалпы тенденция солай болғандықтан жүрген сияқты. Кезінде санкция салудан басты скрипка рөлін АҚШ пен Канада орындап отырды. Трамп ол санкцияларды алып тастауға әлдеқандай себептермен кідіріп қалды. Шамасы бірден олай жасауға бата алмаған болуы керек. Есесіне ешқандай санкция салмады да, Конгресстің әр алты ай сайын санкция салып отыру, бұрынғыларының орындалысын қатаң бақылап есеп алып отыру деген Заңын да орындамады. Келесі мерзімге қайта сайланам, сонда кірісем деп ойлаған болуы керек.
Егер Навальный Еуропаның санкциясынан құтылса, АҚШ та өз позициясын жұмсарта бастауы мүмкін еді, өйткені олардың ісі Ресей халқында емес, Путин мен оның айналасындағы олигарх достарында. Мұндай жағдайда олар санкциядан құтылып, экономикалық жағдайын түзеп алуы мүмкін еді, ал ол деген - Ресейдің ішіндегі аз халықтар, сыртындағы біздер сияқты елдер сол бұрынғы құлдық қамытында әлі бірнеше жылдар отыра берер едік дегенді ғана білдіреді. Өйткені Навальный өте ұлтшыл (жақсы мағынасында емес), импершіл, барып тұрған нацистің өзі. Онысын өзі айтып та жүр. Мысалы Қырым туралы ол оның Ресейге қосылғаны өте дұрыс болды деп есептейді, тағы сол сияқты айтқандары көп.
Біреулер егер ол олай сөйлемесе ресейліктердің қолдауына ие бола алмас еді, сондықтан солай сөйлеуге мәжбүр дейді. Олай емес. Расында оның Путиннен еш айырмасы жоқ, батыстық үлгідегі басшы емес. Ертесіне-ақ қазақтардан 1930-31 жылғы ашаршылық үшін кешірім сұрайды деу үлкен әбестік.
Сондықтан біздің барлығымыз үшін әзірге Путиннің отыра бергені тиімді. Ресейді әбден ыдыратсын, ішіндегі елдер тәуелсіздік алсын, тек сонда ғана біздер де шын тәуелсіздікке қол жеткізіп қалармыз. Сондықтан қазақтардың Навальныйды қолдап, тым шала бүліне бермегендері дұрыс. Оны тек орыс тілділер мен мақтабастар ғана қолдауы мүмкін деп ойлаймын. Әзірге күтеміз. Біз үшін ең маңыздысы елдік мүдде, шын тәуелсіздік! - дейді ол.