Жезқазғанда ертеңнен бастап техноген сипаттағы төтенше жағдай жарияланады. Әбден тозығы жетіп қабырғасы ақыраған 24 көпқабатты үй тұрғындарының үйінді астында қалу қаупі бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасы.
Жергілікті халық баспанасына берілетін өтемақы көлемімен келіспейді. Кейбірі тіпті, үйінен мүлде кеткісі жоқ.
Мәселен, Зейнеткер Лариса Артемова Бейбітшілік даңғылындағы үйде 30 жыл тұрады. Пәтер қабырғалары қақырап тұрса да, оның құлап кететініне күмәнмен қарайды.
«Кез келген пәтердің қақыраған жерлері бар. Менде көп жылдан бері жөндеу жүрмегендіктен осындай болып тұр. Биыл қолға алып, бәрін ретке келтіремін. Мен баспанамнан ешқайда кетпеймін», - Жезқазған қаласының тұрғыны Лариса Артемова.
Ларисаның үйі кірпіштен қаланған болса, Абай көшесіндегі үйдің ішіне сыртынан-ақ көз тастауға болады. Ағаштан салынған қабырғалардың әлдеқашан сыры мен сыны кеткен. Осы көшеде апатты деп танылған 6 үйдің де жағдайы бірдей.
- Дала, арғы жағы көрініп тұрған. Мына ұлым бәрін жөндеді, сыпырып алып тастап, қайта қақты. Түгел ағады, былш етіп түсіп қалып, қайта қағып.
Нұржамал Керімқұлова ұлы екеуі тұратын басапананы осыдан 15 жыл бұрын несиеге алған. Төрт жыл бұрын ғана қарыздан әрең құтылыпты. Дегенмен үйдің әбден тозығы жеткенін біледі. Сондықтан саңылаудан далада болып жатқанды көрген күндеріміз болды дейді. Қолдан келгенше жамап-жасқап отырғаннан шаршағанымен, билік ұсынған 3-4 миллион теңге өтемақыға келісе алмайтынын жеткізді.
«Үйге үй берілу керек деп ойлаймын. Рудникте де үйге үй берілді, бөлмеге бөлме берілді. Ал мынау қаланың ортасы ғой. Бізге шеттен үй береді. Мен осы жерде де отыра беремін. Орталық, маған жақсы, аурухана жақын, базар қасымда», - дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Асылбек Керімқұлов.
Ал астыңғы қабатта тұратын Наталья Володина шаңыраққа жөндеу жүргізуге қорқамын дейді. Қол тигізсе опырылып кетіп, басып қалу қаупі бар. Ал еден тіпті судағы қайықтай толқиды екен. Осындай үрей мен азапты көріп отырғанымен, әкімдіктің айтқанына бұлар де келіспейді.
«Егер бізге бірілген сома пәтер алуға жетпесе, қалғанын өзіміз төлеуіміз керек қой. Ол несиелік бағдарлама бойынша 15-20 жылға созылады екен. Егер мен түрлі себептермен төлей алмай қалсам, мына балаларыммен баспанасыз далада қаламын деген сөз. Несие төлейтін жағдайым болса, бұл баспанадан өзім-ақ кетер едім. Болмаған соң отырмыз емес пе?», - деді Жезқазған қаласының тұрғыны Наталья Володина.
Жергілікті билік былтыр қалада 9 үй апатты деп танылып, тұрғындарына өтемақы берілгенін жеткізді. Расымен де сол кезде ескі үйдің қожайындары 3-4 миллион теңге көлемінде ақша алыпты. Ал биылғы бағаның қалай боларын нарық көрсетеді деп отыр.
«Екі бөлмелі пәтердің құны 3 жарым миллион теңге болды, өтемақы көлемі. Үш бөлмелі пәтерге 4 жарым миллион өтемақы берілген. Биыл қандай баға болатыны белгісіз, оны бағалау компаниясы қарап, өзіміздің бағалау комиссия бекітеді», - деді Жезқазған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Алиса Сағымбаева.
Бірақ ағаш үйдің құны қай жағынан алса да, кірпіштен салынған баспанаға қарағанда арзан болады. Сондықтан тұрғындардың батпан құйрыққа тап болмайтыны белгілі.
Шенеуніктер апатты үйдің тұрғындарына басқа баспана емес, тек өтемақы берілетінін айтады. Апатты үйлердегі 259 отбасыға 1 жарым миллиард қарастырылыпты. Қолына тиген қаражатқа тура сондай баспана ала алмаса, ипотекаға келісуден басқа амал жоқ екен. Ол үшін биліктегілер «Отбасы банкімен» арнайы келісім жасадық дейді.
Тұрғындар өтемақыны банкке салып, кезек күтпей-ақ баспана ала алады деп сендіреді.