Батыс қазақтары үшін 14 наурыз - «Көрісу күні». Олар бұл күнді Амал күні деп атап өтеді, бір бірімен құшақтасып, «бір жасыңмен» деп құттықтап жатады. Алайда, этнографтар «Көрісу күні» деген қазақта жоқ деп санайды. Бұл туралы Azattyq Rýhy.kz тілшісі этнографтың пікіріне сүйене отырып жазды.
«Амал мерекесі» деген жоқ, оны ойлап тауып, насихаттап жүрген сауатсыз журналистер бар. Үкімет және халық бекіткен Наурыз тұрғанда қайдағы Амал мерекесі?! Қазақта амалдың 20-ға тарта түрі бар. Дәл сол батысыңыздағы амалдың бірі - «тасбақа дауылы». Сонда амалдың бәрін жиып-теріп бір мереке болғызғаны ма?! «Хамал» деген арабша аталатын амалдың бірі бар екенін жұрт біледі. Бірақ ол Амал мерекесі емес. Ал 22 наурыз күнгі тойымыз ол парсының жаңа күні (ноу-руз)», - деді тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыран.
Ғалымның айтуынша, қазақ күн күнтізбесімен емес, ай күнтізбесімен жүреді. Әрі қазақ адам өлгенде, қаза тапқанда көріседі. Көрісуді мерекеге теңеу логикалық тұрғыдан да қисынсыз. Қазақта «Көрісу күні» деген мереке мүлдем болмаған.
«Қазақ туған күн тойламайтын себебі, жылына 3-5 күнмен ауысып келіп отырады, ол мәдениетсіздік емес. 1918 жылы бүкіл Совет одағы Юлиан күнтізбесінен Григорианға ауысқанда шатасып кеткен қазақ әлі шатасып жүрміз. Айт мерекелеріміздің жыл сайын ауысып келіп отыратыны тәрізді қазақтың Наурыз мерекесі де көнетүркілік жыл санаудағы бірдің айындағы (қазіргі наурыз айы) жаңа ай тууына негізделіп құрылған болатын. Соны мойындап, жыл сайын ауысып келіп отыратын етіп Үкімет те бекітуі керек. Этнографиялық экспедициямен Батыс өңірде бірнеше рет болғам. Сонда бір қария Амал мерекесі деп айтқан емес. Көрісу деген амандасу, жүздесудің жергілікті мағынасы сәл қисайған түрі. Оны да байлық деп қоялық. Өлінің көрісе алмайтыны тәрізді тірілердің мүмкіндігі болғанда араға көп айлар салып жүздесуі ғана болмақ. Сыртта жұмыс бабымен жүрген адамдардың бірін-бірі көруі», - деп түсіндірді этнограф.
Бұған дейін наурызтанушы Серік Ерғали де «Көрісу күні» деген мерекенің болмағанын айтып, жоққа шығарған еді.