Ақтөбе облысының әкімдігі көк тиын құны жоқ құр сертификатпен қарық қылған көпбалалы анадан кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Екі жастағы баласын әкімдікке ерте келген Айсұлу Күздібаеваға екі миллион теңгенің ешқашан бұйырмайтынын шенеуніктер жабылып түсіндірімек болыпты.
Ол үшін тіпті арнайы брифинг ұйымдастырған. Төрт адам қатысқан кездесу небәрі тоғыз минутқа созылды. Ал әлеуметтік желі арқылы жолданған сұрақтар сол күйі жауапсыз қалды. Бес баласымен жатақхананың аядай бөлмесін паналаған ананы баспанамен де қамти алмаймыз деп отыр әкімдіктегілер.
Тағы оқи отырыңыз: 2 миллион теңге: Ақтөбе облысының әкімдігі Алғыс айту күнінде көпбалалы анаға жалған сертификат табыстаған (ВИДЕО)
Алғыс айту күні табысталған екі миллион теңгенің сертификаты еріктілер атқарған жөндеу жұмыстарының құны екен. Қайырымды жандардың жинаған ақшасын өзіне меншіктеуге не түрткі болғанын бүгінде ашып түсіндіріп бере алмады. Тек өздерінен қате кеткенін мойындап отыр.
«Бұл жерде бізден кемшілік кеткен. Кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта да бұл мәселе нақты шараларда түсіндіріледі», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.