$ 449.58  486.94  4.86

ОҚО-да жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға төмендеді

2018 жылдан бастап мемлекет тарапынан берiлетiн әлеуметтiк көмектер мен жәрдемақылар модернизациядан өтедi. Бұдан былай тұрғындарды мейлiнше жұмысқа тарту, масылдықтан арылту шаралары қолға алынбақ. Бұл туралы облыс әкiмдiгiнде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темiрбаева баяндады.

«Тәуелсiздiк жетiстiктерi» тақырыбында өткен жиында ол тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтiк қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– 2015 жылдан бастап Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында «Өрлеу» жобасы енгiзiлдi. Оған республикалық бюджеттен 186,1 млн. теңге қаралды. Биыл жыл басынан берi 7 ай iшiнде 675 отбасыға немесе 4121 адамға 156,3 млн. теңге көлемiнде шартты ақшалай көмек тағайындалды. Еңбекке жарамды тұрғындар құр жәрдемақы алып қана қоймай, еңбекке араласып, табыстары молайды. Жалпы, 2011-2015 жылдар аралығында 36054 жаңа жұмыс орны ашылып, 14619 адам жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберiнде 51 млрд. теңге игерiлiп, 190 мыңнан астам азаматқа әлеуметтiк қолдау көрсетiлсе, биыл 57 мың адамды қамту көзделдi. Тұрғындар өздерi тұратын шағынаудандар мен елдi мекендердiң инфрақұрылымын жақсарту шараларына тартылуда. Бүгiнде 83 нысанның құрылысына 722 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жолданды. Мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттiк жәрдемақылар берiлуде. Қазiр өңiрде кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретiн 930 адам бар. Жұмыссыздар саны 5 пайыздан жоғары. Жыл соңына дейiн жұмыссыздар саны төмендейдi деп жоспарлап отырмыз, – дедi Әсия Құралқызы.

Тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде облыс тұрғындарының саны едәуiр артып, 2,8 миллионнан асқан. Жұмыссыздық деңгейi 14,3-тен 5,2 пайызға төмендеген. Түрлi мемлекеттiк бағдарламалар аясында тұрғындардың әл-ауқатын көтеру шаралары жүргiзiлуде.

– Бiз жұмысқа орналасқан азаматтар туралы деректерге сараптама жасап отырамыз. Өңiрiмiзден жұмыс табылмаса, өзге облыстардан жұмыс ұсынамыз. Мысалы, бүгiнде 77 отбасы Солтүстiк Қазақстан облысына қоныс аударды. Жалпы, қазiр техникалық мамандық иелерiне сұраныс өте жоғары, – деген басқарма басшысы журналистердiң өзге де сұрақтарына жауап бердi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары