$ 494.87  520.65  4.91

Бәсеңдеп қалған көш мәселесі қарқын алып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандардың жағдайын жақсартып, берілетін жәрдемақы көлемін 70 АЕК-ке дейін көбейтуді тапсырып отыр.
Фото: astana-akshamy.kz
Фото: astana-akshamy.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында қазақ қоғамының алдында ұлттық құндылықтарды жаңғырту және демографиялық реформа жасау міндеттері тұрғанына тоқталған. Президенттің айтуынша, бұл кезек күттірмейтін мәселе, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап,   осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі  еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», - деп атап өткен болатын.

Сонымен қатар, ол бұл мәселенің кезекті науқандық шаралар емес, нақты жоспарлар негізінде іске асырылуы тиіс деп тапсырды. 

«Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», - деп ел Үкіметіне үлкен тапсырма жүктеген-тін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы әрине, қоғам арасында үлкен қолдауға ие болғанын айта кету керек. Қоғам белсенділері мен ұлт зиялылары демография мәселесін шешудің тиімді жолдарын ұсынып жатыр. Мәселен, жақында Парламент Мәжілісінің депутат Қазыбек Иса елімізде Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті құруды ұсынғаны белгілі. Депутаттың айтуынша, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қазақтардың жалпы саны 1,5 млн адамға жуықтайтынын әрі осы мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу керек. 

«Сарапшылар алыс-жақын шетелдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұратынын айтуда. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының 38 пайызына тең. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Бұған кім кедергі? 1993–2021 жылдар аралығында бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны жүз еседей азайып кеткен. 1993 жылы ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мың, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 1426 адамға ғана квота бөлген. Бұрынғы межеден жүз еседей төмен антирекордқа жететіндей басымызға не күн туды? Мұның бірден-бір себебі, кезінде көші-қонды жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға құлықсыз. Өйткені, қоныстанушыларды орналастырудың қиындығынан қашады. Олардың ел ырысын емес, жан тыныштығын ойлауының кесірінен квота бөлу күрт қысқарды. Мысалы, жоғарыда атап кеткендей, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017–2021 жылдары квота бөлуге бес жыл қатарынан бір де бір адам ұсынбаған. Сондықтан, бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек», - дейді Мәжіліс депутаты. 

Ол сонымен қатар, азаматтық алу мәселесінің де қиын екеніне тоқталған. Қазыбек Исаның айтуынша, көшіп келген қандастардан азаматтық алу үшін 48 түрлі құжат талап етіледі екен. 

«Қандастарымыздың азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Мысалы, Ресей, Израиль секілді мемлекеттерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда бұл тұрғыда 48 құжат жинау қажет. Біз де қандастар үшін қажетті құжат санын барынша шектеп, оларға азаматтықты бірден беру мәселесін шешуміз керек. Қандастарды, әсіресе, елдің солтүстігіне қоныстандыру қажет», - деп Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. 

Сол секілді ішкі миграция яғни халық өте тығыз орналасқан оңтүстік халқын шегаралық аумақтарға көшіру мәселесі қайта пысықталып, қосымша өзгерістер енгізілді. Сарапшылардың айтуынша, солтүстікке яғни  шегаралық аудандарға ел қондыру мәселесі де бұрынғыдай емес біршама қарқынмен жүргізіліп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сенсек, тек өткен жылы бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан 2 мыңнан аса адам қоныс аударған. Олардың барлығы да баспаналы болып, отбасы мүшелері өздеріне тиесілі жәрдемақыларын алған. 

Айтпақшы, бір реттік берілетін бұл жәрдемақы көлемі алдағы уақытта екі есеге өскелі отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандардың жағдайын жақсартып,  берілетін жәрдемақы көлемін 70 АЕК-ке дейін көбейтуді тапсырып отыр. Ұлттық кеңестің кезекті отырыстарының бірінде ол бұл мәселенің тиімді нәтиже көрсетіп отырғанына тоқтала келе, жәрдемақы көлемін екі есеге дейін өсіру мәселесін көтерді. «Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары