$ 444.32  473.33  4.76

Оңтүстіктен солтүстікке көшуге ниет білдіргендер қатары артып келеді

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстік облыстарға басталған көш жалғасын тауып жатыр. СҚО әкімдігінің дерегінше, 2016 жылы олардың 300 отбасын көшiрiп алуға мүмкiндiгi бар. Дәл қазiр аудандарда 185 бос жұмыс орны мен 110 бос тұрған үй бар. Бос жұмыс орындарының 110-ы ауыл шаруашылығы саласында, 75-i – бюджеттiк мекемелерде. Көшiп барған отбасылардың балалары мектеп, балабақшаға кедергiсiз орналасады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, кәсiпкер Жаңабай Ағабековтiң айтуынша, бастаманы қолдап, қоныс аударуға өтiнiш берушiлердiң қатары күннен-күнге артып келедi екен. Мамыр айында Сарыағаш ауданынан 30 отбасы аталған облысқа көшiп барғаны белгiлi. Ендi мiне, 9 тамызда Төлеби, Түлкiбас аудандарынан және Шымкент қаласынан тағы 25 отбасы терiскейге аттанып кеттi. Қоныс аударуды ұйымдастырумен айналысып жүрген кәсiпкер Ж.Ағабеков олардың жол шығындарын толықтай өз мойнына алыпты. Ал, ондағы тұратын үйдi де кәсiпкер өз қаржысына сатып алып бермек. Кейiнiрек қоныстанушыларға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 миллионнан 6 миллион теңгеге дейiн несие алуға болады. Сол қаражатпен үйдiң қарызы қайтарылмақ.

– Президенттiң «100 нақты қадам» бағдарламасында халықты жұмыспен қамту жайы көрсетiлген. Бiздiң оңтүстiктiң халқы тығыз орналасқандықтан, жұмыс, жер мәселесi қиын тиетiнi белгiлi. Соны оңтайлы шешудiң жолы табылды. Көштiң алғашқы легi орнығып та үлгердi. Қазiргi таңда Ш.Уәлиханов және Ақжар аудандарынан ұжым аштық. Конкурспен 10 мың гектар жер алдық. Көшiп барған азаматтар егiн және мал шаруашылығымен айналысып, сол жердi игеруге атсалысады. Өтiнiш бiлдiрушiлермен үш жылдық еңбек шартына отырамыз. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберiнде көшiп барған отбасыларға бiр реттiк субсидия төленедi. Яғни, бiр отбасындағы ер азаматқа 105 мың, ал, әйелi мен балаларының әрқайсысына 75 мың теңгеден субсидия берiлмек. Бұл қаржы олардың мал сатып алуына, аяқтарынан тұрып кетуiне үлкен көмек болмақ. Тiптi, шөбiн орғызып, отынын түсiрiп те беремiз. Сол үшiн де өз техникаларымды жiбердiм, – дейдi кәсiпкер Жаңабай Ағабеков.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды шығарып салу шарасына бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкiлдерi қатысты.

Айта кетейік, былтыр басталған осынау көштің қатары биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында айтарлықтай артып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары