$ 443.85  474.3  4.8

Ата-ана қамқорынсыз қалған 84 түлекке облыс әкімінің гранты табысталды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен әлеуметтiк жағдайы төмен балаларға қамқорлық көрсету, қажеттi жағдайда оларды демеп, көңiлдерiне қуаныш сыйлау мақсатында Шымкентте арнайы iс-шара өттi.

2015-2016 оқу жылында облыста 199 жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала (28-i балалар үйлерi түлектерi) 11-сыныпты бiтiрдi. Олардың 84-i облыстағы жоғары оқу орындарына, 100-i колледждерде, 6-ы республиканың басқа өңiрлерiнде бiлiм алуға, 9-ы жұмыс iстеуге ниет бiлдiрдi.

Жоғары оқу орындарында оқуға ниет бiлдiрген 128 түлектiң 90-ы Ұлттық бiрыңғай тестiлеу нәтижесiнде 50 балдан жоғары жинады.

Жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп бiтiрушi түлектерге жоғары оқу орындарына облыс әкiмiнiң жолдамасын беру дәстүрi 2000 жылдан берi қалыптасқан. Биылғы рәсiмде де облыс аумағындағы беделдi жоғары оқу орындары әкiмнiң жолдамасын бөлуге белсене қатысты. Мемлекеттiк бiлiм грантына қол жеткiзбеген жағдайда 84 баланы жоғары оқу орындарына қабылдайтындықтарын бiлдiрдi.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков түлектерге жолдаманы тапсыра отырып, игi бастамаға қолдау көрсеткен жоғары оқу орындарының басшыларын облыс әкiмiнiң алғыс хатымен марапаттады.

– Елбасымыз жастардың бiлiмдi, еңбекқор, бастамашыл, белсендi болуын үнемi айтып отырады. Терең бiлiм алу арқылы сiздер елiмiздiң үлгiлi азаматтарына айналасыздар. Қандай мамандықтың иесi болсаңыздар да, бастысы өз елiңнiң отансүйгiш азаматы болу керек екендiгiн естерiңiзден мәңгi шығармаңыздар. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай осындай игіліктерге қол жеткізіп отырсыздар, – дедi Ұ.Сәдiбеков.

Бәйдiбек ауданының Шаян ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептi бiтiрген Салтанат Сұлтанбек ҰБТ-дан 117 балл жинап, «Алтын белгiнi» қорғап шығыпты. Ал, Түлкiбас ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептiң түлегi Хасар Ермекбай 90 балға қол жеткiзген. Екеуi де М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiне жолдама алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары