$ 498.34  519.72  4.85

«Қаңқу сөз, біреу туралы тараған «әшкере жаңалыққа» тез сенеміз» – Ақберен Елгезек

Менімен емес, ол жағдай «анау оңбағанмен» болып жатқанына қуанамыз.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Белгілі ақын Ақберен Елгезек соңғы он жылда адамдар мен қоғамдағы өзгерістерді ашық айтып, желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленді, деп жазады Paryz.kz.

Ақын қоғамдағы өзгерістер жайлы ойын өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.

"Ойланып жатырмын. Осыдан бір жыл бұрын өміріміз қандай еді?! Жайбарақат едік. Уайымсыз едік. Үрейсіз едік. Өмір болғасын қиындық та болатын, басқа да болатын. Бірақ, қай мәселе болсын әйтеуір шешілетін. Біреуден тұмау жұқса, пиязды қаршылдатып жеп, тамақ ауырса тұзбен шая салып, ертеңгі күннің тіршілігіне алқын-жұлқын кірісіп кетуші едік. Бүгін қатты өзгердік. Сыртымыз сол қалпы болғанмен, жанның хәлін айнытпай көрсетіп тұратын жанарымыз өзгерді. Қарашығымызда діріл пайда болды. Жүректің қағысы өзгерді, арман-мұраттарымыздың мазмұны да басқа кейіпке енді. Біз өлімнің ақиқат екенін біліп шошындық",-деп жазды ол.

Сонымен бірге ақын пандемия басталғалы бері, адамдар үшін көптеген құндылықтар өзгергенін ашып айтқан.

"Жақынның қадірін білдік. Өмір деген - жіңішке жіп секілді үзіле салатын сондай нәзік құбылыс екенін түсіндік. Баяғы бір керемет маңызды боп көрінген мәселелеріміз түкке тұрмайтын нәрсе екенін, таласып жүргеніміз боққа тұрмайтын дүние екендігін ұғындық. Өзгердік. Адам танымастай өзгердік. Оны бәріміз де сезіп-біліп жүрміз. Бірақ, ешкімге айтпаймыз. Өйткені біз біреуге жан мұңын айтудан, сырласудан баяғыда қалғанбыз. Себебі, "абыройсыз" боп қалудан қорқатын болдық",-дейді ол.

Ақынның айтуынша, адамдар арасында бір-біріне деген сенім де азайған.

"Өсектен, тарап кететін қазақтың "ұзын сөзінен" аулақ болғымыз келеді. Немесе бәрі сау, ал менің есім ауған ба деп ойлаймыз. Оны біреуден сұраудан да қашамыз. Ешкімге сенбейміз. Қаңқу сөз, біреу туралы тараған "әшкере жаңалыққа" тез сенеміз. Менімен емес, ол жағдай "анау оңбағанмен" болып жатқанына қуанамыз. Егер жүрегіміз қатып қалмағанда, мына індет кезінде біз мүмкін бір бірімізге тірек бола алатын ба едік. Мейіріммен бұл дертті ерітіп жіберер ме едік. Жоқ, біз әрқайсымыз мына әлемнің алдында жеке-жеке қалдық. Жалғызбыз бәріміз. Өмірдің алдында да, өлімнің алдында да қалтырап, жалғыздан жалғыз тұрмыз",-деп ашынды ол.

Десе де ол мұндай өзгерістің оң тұстары да бар екенін жасырмаған.

"Дегенмен өзгердік. Себебі ішімізге үрей шоғы түсіп, жанымызбен қосып арымызды да шыжғырып жатыр. Ішімізге түскен сенімсіздік біздің қандай әлсіз екенімізді, өтірік қоқиланып жүретінімізді өз өзімізге әшкерелеп бере салды. Біздің қандай әлсіз жаратынды екенімізді тозаңдай ғана вирус көрсетіп берді. "Жағажайдағы Кафка" кітабында Харуки Муракамидің айтатыны бар ғой: "Күндердің күнінде дауыл тыншиды, ал сен сол дауылдың сойқанына қалай шыдағаныңды да ұмытып кетесің.

Сен тіпті оның біткен-бітпегенін де сезбеуің мүмкін. Бірақ бір дүние анық: сен ол дауылдан шыққанда енді ешқашан бұрынғы адам болмайсың. Дауылдың мән-маңызы да сонда» дейді.Біз бүгін бұрынғы емес, өзгеміз. Жақсы жағына өзгердік деген әлсіз сенім бар. Үрей мен үміт қос қол секілді жүрегімізді ұмаждап-ұмаждап ендігі жұмсартқан да шығар? Мүмкін",-деп сөзін аяқтаған ол.

Желі қолданушылары ақынмен толық келісетінін айтып, жылы лебіздерін жаудырған. Олар:

"Рас өмірлік шындық", "Бәріміз де өзгердік", "Иә дәл солай", "Ауырмаңыз", "Аман болыңыз" деген пікірлерін жаудырып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары