Биыл «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы бойынша баспана сатып алуға 9 741 адам өтініш білдірді, оның 5 913-і қанағаттандырылып, 3 828 өтініш бағдарлама талаптарына сәйкес келмегендіктен қайтарылды.
Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының орынбасары Ермек Әміров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағдарламаның талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 3828 өтініш (39%) қабылданбады. Мәселен, тұрғын үйдің болуы және соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару фактілері, зейнетақы жарналарының болмауы, құжаттардың ұсынылмауы, сәйкес келмеуі таңдалған саламен (санатпен) жұмыс орны. Мысалы, егер азамат білім беру қызметкері ретінде өтініш білдірсе, бірақ білім беру қызметкері болмаса, онда оның өтінші қанағаттандырылмайды», - деп жауап берді Ермек Әміров.
Сонымен қатар, ол биылғы жылы іріктеуден өтпей қалғандар келесі жылы немесе басқа да қолданыстағы бағдарламаларға қатыса алатынын айтты. «Іріктелген азаматтарға сайттағы жеке кабинеттеріне Отбасы банкте төлем қабілеттілігін растау үшін лимиттер шеңберінде жолдамалар беріледі. Осы жолдама 15 жұмыс күн ішінде жарамды. Төлем қабілеттілігін растаған қатысушылар 45 жұмыс күні ішінде бастапқы және қайталама нарықта өз бетімен тұрғын үйді таңдайды»,-деді ол. Еске салайық, «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасы төмен пайыздық мөлшерлемемен 2020 жылы басталған болатын. Оған 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады.