Ақтөбеде шетелдік компаниялардың жалған акцияларын сатқан қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды, деп хабарлады Sputnik қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Алаяқтар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалалары бойынша жұмыс істеген.
"Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін "Unique finance" шетелдік компаниясының өкілдері ретінде көрсетіп, халыққа Pepsi, Nike, Microsoft, Ford және BMW сияқты ірі халықаралық компаниялардың бағалы қағаздарына ақша инвестициялауды ұсынған. Оның орнына салымшыларға салынған соманың 6%-і, жаңа серіктестің салым сомасының 5%-і мөлшерінде ай сайынғы пайда уәде еткен", - делінген ақпаратта.
Ең төменгі салым 1000 АҚШ долларын құраған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар бағалы қағаздардың орнына халыққа жалған акция беріп, қаражатын иеленген. Олар 3 және 3,5 жылға сотталды.
Оқи отырыңыз: Депутат бас прокурордың назарын қазақстандық жұлдыздардың әрекетіне аударды
Агенттіктің хабарлауынша, қазір нарықта азаматтарды өз жобаларына ақша салуға шақыратын криптовалюта, шетелдік компаниялардың акциялары, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, басқа тауарлар мен қызметтерді сататын компания көбейген. Ақша табудың мұндай тез және оңай тәсілі үлкен қаржылық шығындарға әкеп соқтыруы мүмкін.
Сонымен қатар қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасын анықтауға қатысты бірнеше кеңес берді:
ұйымның шамадан тыс жоғары кірісіне кепілдік береді.
Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының болмауы.
меншікті қаражаттың болмауы, төлем жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізіледі.
салынған қаражатты қайтарудың нақты ережелерінің болмауы.
қызметінің айқын болмауы.
әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы шулы ұрандары бар кең жарнамалық кампания.