Былтыр Павлодарда заңсыз ұйымдастырылған жануарлар қорымы бұзылған. Араға бір жыл салмай жергілікті тұрғындар сүйікті үй жануарларын қайтадан жер қойнауына тапсыра бастаған.
Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Ақпаратпен Facebook қолданушысы Қожакелді Алданов өз жазбасында бөліскен.
– Біраз уақыт бұрын Павлодарда заңсыз пайда болған ит пен мысық қорымы туралы шу шығып еді. Екібастұз жылу орталығының маңайындағы ескі қорымға қарсы бетте, бізде де осындай қорым пайда болыпты.
Сан-эпид талаптарды былай қойғанда (әсіресе вирус өршіп тұрғанда), жер кезегінің жылжымас дәуірінде көрінген жерді рұқсатсыз пайдалану – заңға қайшы, – дейді жазба авторы.
Қазақстанда жануарлар қорымын ұйымдастыруға заңмен тыйым салынған.
Мамандардың айтуынша, көбінесе жануардың өлімі неден болғаны белгісіз болып қалады. Егер жануар инфекция нәтижесінде өлсе, онда оның мәйітін жерлеу эпидемия тудыруы мүмкін.
Үй жануарларының иелері медициналық қалдықтарды жою бойынша ветеринарлық станциялар мен бөлек крематория қызметтеріне жүгіне алады. Ветеринарлық станциялар жануарлардың мәйіттерін Беккаридегі арнайы жабық биотермиялық шұңқырларға жібереді, онда лақтырылған мәйіттер ыдырап, жойылады.
Айта кетсек, былтыр павлодарлықтар дәл осындай жағдаймен бетпе-бет келген. Олар тіпті жануарларды жерлеуді заңдастырып, оларға жеке жер телімдерін бермекші болған. Бірақ әкімдіктегілер ойынан айнып, жануарлар қорымын бұзып тастаған.
Ал биылғы қорымда тіпті құлпытастарды кездестіруге болады.
Orda.kz редакциясының тілшісі Павлодар облысы әкімдігіне жер телімі кімге тиесілі екенін және қаншалықты заңды екенін сұрап, ресми хат жолдады. Әзірге жауап келмеді.