02.08.2021, 11:00

Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан Өзбекстан азаматы ұсталды (ВИДЕО)

Тәркіленген есірткі тәріздес заттар сот сараптамасына жолданды.

Атырауға арнайы келіп, есірткі тасымалдаумен айналысып жүрген өзбекстандық ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Атырау қаласы аумағында 32 жастағы Өзбекстан азаматы Тараз қаласынан арнайы келіп, есірткі тасымалдаған. Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оны “Қарасора-2021” жедел іс-шарасы кезінде анықтаған.

Тәртіп сақшылары Өзбекстан азаматының есірткіні жасырып салып жатқан кезінде ұстады. Күдіктіні жеке тінту кезінде одан 29 дана, жалға алынған үйін тінту кезінде 40 дана түйіншектелген ерекше иісі бар есірткі тәріздес заттар табылып, алынды. Жасырын есірткі тасымалдаумен айналысып жүрген ер адамның айтуынша, бұл “Меф” есірткі өнімдері екен. Жалпы салмағы 19,7531 гр. Тәркіленген есірткі тәріздес заттар сот сараптамасына жолданды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.