Мемлекет үшін елдің әр бір тұрғынының мәселесі мен қажеттілігі маңызды болуы тиіс. Әрине, бұл кез келген отбасының жағдайынан хабардар болып отыру деген сөз емес. Ондай утопиялы ұғымды айтып отырудың өзі жат. Дегенмен, мемлекет тікелей халыққа қызмет көрсететін орган болғандықтан, оларға жалпы жұртшылыққа ортақ мәселелер анық болуы қажет.
Әлеуметтік орта таптың мәселелері көбіне ұқсас боп келетіні жасырын емес. Таптық, топтық деген түсінікті алып тастап қарастырған жағдайдың өзінде көп балалы отбасы, аз қамтылған жанұя, асыраушысынан айырылған жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшалар кез келген орта мен қоғамда кездесіп жатады. Оларға өз кезегінде қажетті көмек көрсетіп, қамқорлыққа алу – мемлекет құзіреттілігіндегі іс.
Осы орайда, елімізде әр жыл сайын мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған немесе көп балалы отбасы мүшелері сияқты ерекше назар мен жанашырлықты қажет ететін жандарға айрықша көңіл бөлініп келеді.
Әрине, олардың қатарында мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен зейнетақылар жатады. Және оларды тиімді әрі қолайлы жолмен алу жағы да қарастырылуда.
Атап айтсақ, үйде отырып та осы көмектерге онлайн, электронды түрде сұраным беру, үлкен кезекті қажет ететін тізімдерде кезексіз өту мәртебесіне ие болу, жеңілдетілген немесе тегін қызмет түрлерін қолдану деген секілді. Сонымен, жыл басынан бері осы аталған топтағы азамат, азаматшаларға қанша көлемде қаржылай көмек көрсетілгенін зерттеп көрейік.
Жыл басынан бері мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты ел тұрғындарына 228 миллиардтан астам теңге көлемінде жәрдемақы төленген.
2021 жылдың қаңтар-шілде аралығында мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеуге республикалық бюджеттен 180,5 миллиард теңге, ал асыраушысынан айрылғандарға 47,8 миллиард теңге бөлінді.
2021 жылдың шілдесінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 26,1 миллиард теңге, ал асыраушысынан айырылуына 6,5 миллиард теңге бөлінді.
2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 526,1 мың адамды құрайды, асыраушысынан айырылғандардың саны - 160,9 мың адам.
Мүмкінгі шектеулі және асыраушысынан айырылғандар бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес есептеліп, төленетін болады.
2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай негізінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 49556 теңгені, асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар - 40 606 теңгені құраған.