$ 494.87  520.65  4.91

«Бізді шарасыз қалдырды»: Ақбұлақта атыс шығарған Игорь Дужновтың әйелі пікір білдірді

Анаид Демирчянның айтуынша, барлық құқық қорғау органдарының өкілдері мен прокурор болары болып, бояуы сіңген кезде келген.
фото: Orda.kz
фото: Orda.kz

Ақбұлақта атыс шығарып, бес адамды жер жастандырған Игорь Дужновтың әйелінің өз айтары бар болып шықты, деп жазады Orda.kz.

Кеше Алматы қаласы Алатау ауданының тұрғыны үйін босатуды талап етіп келген сот орындаушысын, екі учаскелік полицейді және жаңа үй иесін атып тастады. Ақбұлақта атыс шығарып ұсталған Игорь Дужнов пен әйелі Анаид Демирчян бүгін Orda.kz  журналистеріне өз пікірін білдірді.

Оқиғаға он жыл бұрын Игорь Дужнов пен әйелі Анаид Демирчян банктен алған несие себеп болған.  2011 жылы жылжымайтын мүліктерін кепілдікке қойған ерлі-зайыптылар қомақты  несие алған. Қарыз уақытында қайтарылмағандықтан банк үйді аукцион арқылы  Нұрахмет Тұрғановқа сатқан.

Игорь Дужновтың  әйелі Анаид Демирчян құқық қорғау  органдары уақытында келгенде оқиға бұлай өрбімес еді деген пікірін білдірді.

— Мен айттым, айтамын да… Біз бірнеше рет 102-ге қоңырау шалдық, кезекші прокурор мен 102 уақытында келгенде, барлығы уақытында шешілсе мұндай жағдай болмас еді. Үкімет пен біздің құқық қорғау органдары мұның бәрін тоқтата алатын еді. Бәрі бұлай қайғылы аяқталмайтын еді. Біз оларды көмекке шақырдық, жалындық. Олар тек «кейін қайта хабарласамыз» дей берді. Ең жаманы, біздің құқық қорғаушылар болары болғанда ғана келді. Біз бірнеше рет хабарласып, сот шешімінде кәмелетке толмаған балалар көрсетілмегенін айтқанда, ешкім тыңдағысы да келмеді.

Олар тіпті шығаруға келмеді ғой… Себебі, оларға учаскелік полицейлер бәрі заңды, сот шешімімен шығарып жатырмыз деп жауап берген. Олар үш ересек адам мен басқаларын шығару керек деді. Бірақ менің балаларым кәмелетке толмаған ғой. Мен қазір бірдеңе деуге кеш екенін білемін, бірақ балаларымыздың құқығы әлі де қорғалмай жатыр. Барлығы қол қусырып отыр. Сот орындаушылары заңсыз тұрғыда жұмыс істеді. Тек заңсыз емес, өте дөрекі әрекет етті. Бұл да көп нәрсені тоқтатар еді. Біздің арыздарымызды заңсыз дей берді, менің сырқаттанып қалғаным ешкімді қызықтырмады. Екі ай стационарда емделіп жүрмін, барлығының оған түкіргені бар. Кезекші прокурор келіп, бәрін сабырмен, заңды тұрғыда түсіндірсе болар еді. Мұндай ештеңе болмады (масқара). Олар дарбазаны құлата бастағанда, нағыз тозақ басталды, – дейді Демирчян.

Ол сондай-ақ оқиға тез өрбіп, естерін жия алмай қалғандықтарын айтты.

— Барлығы тез болып кетті. Адамдардың өмірі қиылды. Мен күйеуімді ақтап тұрған жоқпын, бірақ бар білерім: оны шарасыз қалдырды, ол өз балаларын қорғады, не істеп тұрғанын түсінбеді. Мен оны қорғап тұрғам жоқ, бірақ осы жерде оны да түсінуге болады. Ол мықты отағасы, балаларына ешқашан қол тигізбек түгілі дауыс көтерген емес, біз бақытты өмір сүрдік. Шын сүйіп қосылдық. Енді былай болып тұр… Ол бұның бәрін отбасы үшін істеді. Мұның бәрі биліктің арына салдық, ешкім баспанасыз қалатын балаларға көмектескілері келмеді. Заңсыз түрде, себебі сот шешімін өзгерткен. Анау жаңа үйдің иесі өтірік айтады, оның үйді сатып алуға еш құқығы болмады. Біз құқық қорғаушыларды екі сағат күттік, олар тіпті қоңырау шалмады. Мен оларға «балаларымды өлтірейін деп жатыр»  деп шарасыздықтан айғайлай бастадым, олар тек «иә,иә, қазір келеміз»  дегеннен танбады, – дейді  Игорь Дужновтың әйелі.

Анаид Демирчянның айтуынша, барлық құқық қорғау органдарының өкілдері мен прокурор болары болып, бояуы сіңген кезде келген.

— Бірақ болары болған соң мұнда бәрі келді, прокурор да, тергеуші де, барлығы келді( біз шақырып күткендердің барлығы). Өкінішке қарай, біз ештеңе істей алмадық, өз сөзімізді растай алмадық. Банк бізден үйді сырттай қабылданған шешіммен заңсыз тартып алды. Біз оны қайтарып алсақ та, олардың әрекеттері таусылмады. Қазір біздің барлық мүлікті олар нарықтан төмен бағада сатып алып, иемденді. Банк өз өзіне 5 есе арзан бағада сатты. Оны біз жақында білдік. Адвокаттар сотқа қайта арыз жазсын деп жатыр. Бірақ ол мүмкін емес. Себебі, олар уақыт өткізіп, осы сипаттаманы артынан көрсетіп тұр. Ол сырттай жасалған, түрнұсқасы жоқ. Ешкімді  хабарландырмай, бәрін сатып тастаған. 

Оның үстіне, олар маған кепілгер ретінде қарап,  маған (мүлде заңсыз) тағы 20 миллион теңге қарызды іліп қойды. Менің отбасымды, балаларымның физикалық түрде көзін құртпақшы. Қорғайтын күйеуім жоқ, енді не болатынын білмеймін, – дейді Анаид Демирчян.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#атыс