Астанада «Өздерін заңсыз сотталдық» деп санайтын бір топ әскерилер баспасөз мәслихатын өткізді. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановты отставкаға жіберуді сұрап отыр.
Жиынды қоғамдық қорғаушы, кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әбдіғаппарова ашып, жүргізіп отырды. Ал баспасөз мәслихатына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бұрынғы әскери қызметшілері – подполковник Айдар Қабденов, полковник Мұхтар Қарабеков, генерал-майор Асқар Бұлдешов, генерал-майор Тимур Әбішев, полковник Мұрат Нұғманов, полковник Абай Жұмағұлов және Аягөз гарнизонының бұрынғы әскери прокуроры Жарас Момынбеков қатысты.
Ольга Әбдіғаппарова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жодап, өздерінің ісіне назар аударуды сұрады. Өйткені ол кәсіпкерлер мен әскерилердің сот орындарының заңсыз үкімінен зардап шеккенін айтады.
«Мемлекеттің мықты болуы армия мен бизнеске байланысты болмақ. Мәселен армия мемлекеттің территориялық қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, бизнесмендер қазынаға қажетті салық төлеп отырады. Білім беру, медицина, құқық қорғау органдары, тіпті қарулы күштеріміз мемлекеттік бюджет арқылы жұмыс істейді. Ал бюджет кәсіпкерлердің төлеген қаржысы арқылы толығып отыр. Сондықтан да біз заңсыз сотталған әскерилер мен кәсіпкерлер бірігіп, әркет етуді шештік. Мен өзімді тектен тек сотталған деп айтып отырған жоқпын. Бас прокуратураның Қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева Алмас Әбдіғаппаровтың анасы Сәуле Жүнісбекова екеуміздің сотталғанымызды айтып, шағымымызға жауап бермеді. Себебі ол біздің сот үкіміне қатысты құжатты бермегеніміз үшін шағымды қараудан бас тартқанын айтады. Ал аталған үкімді сот кабинетінен кіріп, көруге болады. Дубаева ханым сот кабинетіне кіріп, құжат алуды әлі күнге дейін білмей жүр ме? Электронды құжаттарды пайдалануға болатын кезде қағазбастылықтың қажеті қанша?
Өз ісіне салғырт қарайтын осындай прокуратрура мен сот менің күйеуімнің ісін қарауға құлық танытпай отыр. Өкінішке қарай олар көзге көрініп тұрған өрескел қателерді жөндеп жатқан жоқ. Осы арқылы олар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына кедергі келтіріп отыр. Менің күйеуім өзінің табысын Қазақстаннан тыс жерде тапқан, табысты кәсіпкер. Мемлекеттен бір тиын алмай ресторан желісі мен «Есентай сити» секілді елде ауқымды бизнес жасады. Осы уақытқа дейін үкіметке 10 млрд теңгеден атсам салық төледік. Қазіргі таңда менің күйеуім өзінің жобасынан ақша ұрлады деген желеумен түрмеде отыр. Бұл біздің ғана бас қайғымыз емес, сонымен қатар Қазақстандағы өзге де кәсіпкерлердің проблемасы болып отыр. Сондықтан да бізге қоғамның қамқорлығы мен қолдауы керек», – деді ол.
Ольга Әбдіғаппарова кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар әскерилерде қолдауға мұқтаж екенін ескертті. Өйткені ол Қарулы күштер сапында басшылық қызмет атқарған азаматтар заңсыз жұмыстан қуылғанын айтады.
«Қазіргі таңда осындай заңсыздықты бір топ әскерилер өз бастарынан өткеріп жатыр. Сот пен прокуртураның әрекеті адамдарға тиімді болудың орнына керісінше қауіп төндіріп отыр. Олардың істеп отырған әрекеттері басына іс түскендерге ғана емес, сонымен қатар мемлекетке зиян келтіреді. Сондықтан да мен мемлекетке қомақты салық төлеп отырған азамат ретінде Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев пен Жоғары сот төрағасы Жақып Асановтың отставкаға кетуін талап етемін. Жақып Асанов Алматыдағы бассыздықты ұйымдастырып отыр. Себебі біздің заңсыз сотталып, істі болуымызға тап осы адам айыпты. Біздің ісіміз 8 айдан бері қаралып жатса, ал әскерилердің ісіне бірнеше жыл болған. Ал тап осы Жақып Асанов Назарбаевтың сенімді адамы болып саналады. Өйткені ол бұрынғы биліктің саясатын жүргізіп отыр. Негізі Жоғары сотты Асанов секілді адам басқарып отырғанда бізге қандайда бір «Жаңа Қазақстанды» көру мүмкін емес», – деді ол.
«Соттың әділетсіз шешімінен зардап шектім» деген азаматтың бірі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бұрынғы әскери қызметкері, подполковник Айдар Қабденов. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, өзі «әділетсіз» деп санайтын істі оңынан шешуді сұрады.
«Мен 25 жыл бойы мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау саласында алдыңғы шепте еңбек еттім. Өкінішке қарай соңғы 4 жылдан бері өзіме қатысты шығарылған заңсыз үкімнің күшін жою үшін күресіп келе жатырмын. Кезінде сот отырысы менің және адвокатымның қатысуынсыз өтті. Істің қаралатынын бізге ешкім ескертіп айтқан жоқ. Мені жұмыстан шығару туралы үкім кадр бөліміне түсіп, сол арқылы қызметтен қуылдым. Мемлекетке 25 жыл адал қызмет еткеніме қарамастан жұмыссыз, зейнетақы мен үйсіз, ең сорақысы атыма кір келтіріп, абыройдан айырылдым. Алматы қаласы әскери сотының шешімі бойынша 2017 жылдың 30 қазан күні «қызметін асыра пайдаланған» деген себеппен жұмыстан қуылдым.
Жұрт менен «Мұндай ауыр жаза алатындай адам өлтіріп пе едің?» деп таңғалып сұрайды. Менен «зардап шекті» делінген Балабеков қазіргі таңда аман-есен. Медициналық тексерістен өткеннен кейін оның ешқандай зақым алмағаны анықталды. Барлық сот сараптамалары менің кінәсіз екенімді дәлелдейді. Алайда мені сот өз қызметін асыра пайдаланып, адам өлтіргендей жазалап отыр. Тап осылай сөйлегенім үшін кешірім сұраймын. Соңғы 4 жыл көлемінде әділеттілікке жете алмай жүрмін. Астана қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының әскери сотының оң шешімінің арқасында 2017 жылдың 22-ші желтоқсан күні ақталып шықтым. Өйткені сот психологы, подолковник Назаров дейтін азамат Балабековтың мені қасақана бопсалағанын жазып берді. Өкінішке қарай осыған қарамастан мен әділдікке жете алмай жүрмін», – деді подполковник.
Әскерилердің айыпты, айыпсыз екенін құзырлы орган өкілдері анықтай жатар. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилердің мәселесіне құлақ түріп, істің мән-жайына үңіле ме? Өйткені олар өздерінің істі болғанына Жақып Асановты айыптап, оның қызметтен кетуін талап етіп отыр.