Әлеумет 12.10.2022 сағат 16:00

«Баланың ұшу билеті қайтарылатыны қайда?» – Мәжілісмен мәселе көтерді

«Kids go free» бағдарламасымен он айдың қорытындысы бойынша небәрі тек 1200 бала ғана әуе сапарларын тегін пайдалана алған, жоспар бойынша кемінде 100 мың баланы қамтимыз деп еді.
«Баланың ұшу билеті қайтарылатыны қайда?» – Мәжілісмен мәселе көтерді
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтуынша, еліміздегі туристік саланың жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болған.

"Әрдайым Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар туындап отыратыны бар. Мысалы, турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ. Алайда пандемия аяқталып, ішкі туризмге қызығатын да, төлем мүмкіндігі бар туристердің саны артқанын байқап келеміз. Оған қоса, сапалы, әрі тарихи туристік нысандар мен киелі орындардың саны артып, олардың жан-жақты жарнамалануын байқап отырмыз. Бұл сала үшін аталған жағдайды «сәтті туристік уақыт» деп айтуға келеді. Бірақ, адам қалағанымен транспорттық жүйесі реттелмегеннің салдарынан, еліміздің барлық табиғи сұлулығына жету мүмкін емес болып шықты", - деп атап өтті мәжілісмен.

Оның ішінде, әуе жолдарымен саяхаттау сапарлары бойынша ең көп шағымдар түскенін айтты.

"Ұшу жиілігінің төмендігі, реттеуге келмейтін түсініксіз әуе билеттерінің баға мәселесі, қызмет көрсету сапасы мен рейстерді негізсіз кешіктіру сияқты мәселелерді тізіп кете беруге болады. Оған қоса, әуекомпанияларымен турпакеттер бойынша келіссөздер жүргізу мүмкін емесдігін турагенттіктер жиі көтереді. Теміржолдың жыры тағы бар. Қазақстан теміржолының туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінеді. Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал, халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоялық", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Еуропаны айтпағанда, Орталық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыратын халықаралық туристік жүйені қалыптастыра алмағанымызды айтып, қынжылды. Соның арқасында, «Жібек жолы» бойындағы теміржол маршруттарының орнын көршілес Өзбекстан өз стиліндегі жайлы вагондарымен туристік кластер ретінде іске асырып отырғанын мысалға келтірді.  

"Автокөлікпен жүретін жолдардың жағдайы сын көтермейтіні туралы депутаттық сауалдардың санында есеп жоқ. Тіпті, Мемлекет басшының өзі бұл мәселені шешетін уақыт жетті деп Үкіметті сүйрелеп жүргенін білеміз. Бір ғана мысал, еліміз бойынша ең кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажеттілігі анықталуда. Ал жыл басында депутаттардың табанды қолдауымен туристік саланы дамытуға оң әсерін беретін бірнеше жаңа ұсыныстар енгізілген еді. Бірақ бұл мәселеде де бюрократиялық шырмаулар көбейіп, «Kids go free» бағдарламасымен он айдың қорытындысы бойынша небәрі тек 1200 бала ғана әуе сапарларын тегін пайдалана алған, жоспар бойынша кемінде 100 мың баланы қамтимыз деп еді. Баланың ұшу билеті қайтарылады дегеніміз қайда сонда?! Бағдарламаның тиімсіздігі елдің Үкіметке деген жаппай сенімсіздігін туындататыны анық емес пе?!" – деді ол.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені толық қолдайтынын жеткізіп, келесі отырысқа Үкімет мүшелерін шақырды.

«Елнұр Сабыржанұлы өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Шынында көп жылдан бергі селқос, жүйесіз жұмыстың нәтижесінде көптеген позициямызды жоғалтып жатырмыз. Көрші мемлекеттер алып кетіп жатыр. Сондықтан мен толық қолдаймын, әріптестер де қолдайды деп ойлаймын. Келесі отырысқа Үкімет мүшелерін шақырып, осы мәселені егжей-тегжейлі қарайық. Бұл жұмысты қалай жүйеге қоямыз, қандай жоспарлары бар, қандай нәтиже шығарады, соның бәрін бізге келіп айтсын», - деді Төраға.

 

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар