26.11.2023, 09:30

Ақтаулық оқушылар қазақ авторларының шығармасы негізінде комикс шығарды

Фото: 24.kz

Комикстердің біріне Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі арқау болған.

Ақтауда мектеп оқушылары қазақ авторларының шығармасы негізінде комикс жасап шығарды, деп хабарлайды   Skifnews.kz  ақпарат порталы 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Сюжетті мектеп бағдарламасына енген шығармалардан алады. Мәселен, балалар салған комикстердің біріне Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі арқау болған. Титр екі тілде жазылады. Авторларды ынталандыру мақсатында комикстер мектеп журналында жарыққа шықты.

Ботагөз Тойлыбайқызы мен Мәлика Ізбасар комикс салуда фломастер және қарындашты   қолданады. Қос құрбы алдымен мектеп бағдарламасына енген шығармаларды оқып, соның желісімен түрлі оқиғаларға негізделген эпизодтарды ойлап табады. 8-сынып оқушылары Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңігмесі бойынша салған туындыларын мақтан тұтады.   

Біз бұл комиксті жасау үшін оның раскадровкасына және де шықпай қалған кадрларына біз шамамен 10 шақты А4 қағаздарын құрттық және де карандаш, лайнер, өшіргіш сияқты сондай кеңсе тауарларын құрттық.

Ыбырай Алтынсариннің бұл шығармасы біздің барлығымызға кіші жастан бері таныс және оқуға оңай болып табылады Сол себепті біз осыны суреттеп, нақтылап көрсету үшін алдық, дейді Ботагөз Тойлыбайқызы.  

10-сынып оқушысы Нұрлыхан Өтеғалиев қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетіп, дәріптеуге тырысқан. Оқушы өз комиксын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын негізге ала отырып жасағанын айтты. Кейіпкерлер образын сомдауға бір айдай уақыт кеткен. Ол үшін Нұрлыханның ең алдымен қазақтың ұлттық киімдері мен салт-дәстүрін зерттегені түсінікті. Оның комиксінің алғашқы томы 20 беттен тұрады. Болашақта тағы 6 том шығармақшы.  

Мен «Тұмар» атты комикстің авторы боламын. Тұмар комиксінің осылай аталуының себебі қазақ даласының этимологиясына байланысты. Тұмар дегеніміз адамды зұлым күштерден сақтайтын материалдық зат болып табылады. Ал менің кейіпкерімнің тұмары оның әйелі және баласы болып табылады. Басты кейіпкер ретінде батырды алдым және ол батырдың батсы қорғанышы оның отбасы, деді Нұрлыхан Өтеғалиев  

Талантты жастардың мұғалімі өз шәкірттерінің қолынан шыққан бұл комикстерді әзірге мектеп журналына жариялатып жүр. Ол оқушылардың қазақ және әлем әдебиетін оқуға деген құлшынысын арттырып, жаңа туындыларды салуға жетелейді.