Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикада барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үкімет басшысының айтуынша, білім беру процесінің жетістігі, ең алдымен, педагогтың кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты.
Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі.
Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111.
Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады, – деді Үкімет басшысы.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарауды тапсырды.
Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының бала-бақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керек. Бұдан басқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажет, – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.