13.08.2025, 19:20

Жылда қайталана беретін мәселе: Елімізде жатақхана тапшылығы толығымен қашан шешіледі?

Фото: Егемен Қазақстан

Қыркүйек жақындаған сайын студенттер арасында ең бірінші туындайтын сұрақ — «жатақхана табыла ма?

Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді. Грант пен студент көбейген сайын жатақханада орын жетіспей жатыр. Әсіресе, жыл сайын  ірі мегополис Алматыда орын тапшылығы жылда сезіледі. Жатақханаға жарымаған студенттердің кейбірі көлікте түнеуге мәжбүр. Ал, қалаға ағылған жастар легімен пәтерақы да қымбаттады. Қазір жергілікті оқу орындары студенттерді жаппай жатаханамен қамтуға күш салуда. Алайда Алматыға "арман қуып" келгендер арасында әлі де пәтер іздеп жүргендер жетерлік. Елімізде жылда қайталанатын жатақхана мәселесі қалай шешіледі?  Бұл туралы Skifnews.kz тілшісі зерттеп көрген еді.

Жаңа оқу жылы — ескі мәселе

Қыркүйек жақындаған сайын студенттер арасында ең бірінші туындайтын сұрақ — «жатақхана табыла ма?». Университетке қабылдану — тек бастамасы. Артынан келетін басты сынақ — баспана мәселесі. Бұл биыл да жалғасып отыр, бірақ географиясы өзгерген: ел бойынша тапшылық азайды, бірақ Алматыда ол бұрынғыдан да өткір.

Өткен жылғы сандар не дейді?

2024–2025 оқу жылының басында:

624,5 мың студент ЖОО-да оқыды; олардың 336,4 мыңы — басқа қаладан келгендер; жатақханаға 131,4 мың студент мұқтаж болды; нақты орналасқандар — 95,9 мың; тапшылық — ≈35,5 мың орын.

Бұл — әр төртінші мұқтаж студент өткен жылы орын таба алмағанын білдіреді.

Биылғы көрініс: проблема бір қалаға шоғырланды

Білім министрлігі дерегінше, 2025–2026 оқу жылы алдында тапшылық елдің барлық өңірінде жойылып, тек Алматыда қалды. Мұндағы жетіспеушілік шамамен 10 мың орын. Себеп — студент ағыны, беделді ЖОО-лардың концентрациясы және жалдау нарығындағы жоғары баға.

Биыл Алматыдан басқа өңірлерде студенттерге арналған жатақхана тапшылығы мәселесі шешілді. Бұл туралы кешегі Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Министрдің айтуынша, 10 мыңға жуық орын тапшылығы бар Алматыдан басқа өңірлердің көпшілігінде жатақханалардағы орын мәселесі шешілген.

"Бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Үш жыл бұрын тапшылық 88 мың орынды құраса, қазір ол 10 мыңға дейін қысқарды", - деді министр.

Ахуалдық орталық өткен аптада жұмысын бастады. Егер жатақханадан орын берілмесе немесе қоныстануда қиындықтар туындаған жағдайда барлық курс студенттері орталық қызметіне жүгіне алады. Қажет болған жағдайда ЖОО аралық үйлестіру шеңберінде студенттер бос орындары бар басқа оқу орындарының жатақханаларына жіберіледі.

Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған студенттерге, мәселен, түнде келген, жатақханаға қоныстанбаған студенттерге дағдарыс орталығынан 55 орын бөлінген. Уақытша орналастыру үшін жылына үш рет тексеруден өтетін хостелдер де қарастырылған.

"Біз бірде-бір студент көшеде қалмауы керек деген қағиданы негізге алдық. Бұл үшін барлық қажетті шаралар қабылданды", - деді Саясат Нұрбек.

Уақытша шешімдер: кризистік және ситуациялық орталықтар

Алматыда Қыздар педагогикалық университетінде арнайы ситуациялық орталық, ал ҚазККТЛ мен Тынышпаев университетінде резервтік орындар дайындалды. Бұл — студенттерді уақытша орналастыру және бос орындарды бір-бірімен бөлісу механизмі.

Құрылыс қарқыны: үміт пен уақыттың жарысы

2025 жылы ел бойынша 29 жатақхана (10 439 орын) салу жоспарланған.

Тамызға дейін 4 жатақхана (3 528 орын) ашылды; Қыркүйекке дейін тағы 19 жатақхана (4 228 орын) іске қосылмақ, соның ішінде Алматыға да тиесілі нысандар бар.

Астанада мысалы, 2024 жылы 6 жаңа жатақхана ашылса, биыл тағы екеуі пайдалануға беріледі.

Неге Алматыда түйін шешілмей тұр?

Оқу орындарының шоғырлануы — сұранысты күшейтеді. Жалға алу бағасы — жатақхананы ең қолжетімді нұсқаға айналдырады, бірақ орын шектеулі. Құрылыстық мүмкіндік аз — бос жер жоқтың қасы, жаңа нысан салу қымбат. Қонаевқа көшіру жобасы — ұзақ мерзімді, тез нәтиже бермейді.

Егер қыркүйекке дейін жоспарланған жатақханалар дер кезінде ашылмаса, Алматыдағы қысым күшейіп, студенттер хостел мен жалдамалы пәтерге тәуелді болады. Ал сапа мен қауіпсіздік стандарттары сақталмаса, мәселе тек баспана емес, қауіпсіздік дағдарысына да айналуы мүмкін.

Елде студенттік жатақхана тапшылығы соңғы үш жылда айтарлықтай қысқарды, бірақ Алматы феномені әлі шешілмеген. Жүйелі шешім — құрылыс қарқынын үдету, орындарды цифрлы бөлу, жеке секторды заңдастыру және сапаны қатаң бақылау. Сонда ғана жаңа оқу жылының басты мәселесі «қайда тұрамын?» деген сұрақ болмайды.