$ 499.51  525.83  4.62

Жасөспірімдердің әлеуметтік желісін бақылауға алу керек

Бүгінгі таңда қоғамда қарқынды дамып, үлкен-кішіні баурап алған әлеуметтік желілердің пайдасы да, зияны да аз талқыланған жоқ. Орнымен қолданса, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» нағыз қажетті дүние болып тұр. Алайда, уақытқа желініп, желіге байланып қалатын жастар да алаңдатпай қоймайды.

Осы орайда Алматы қалалық Білім беру басқармасы әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту керек деп дабыл қағуда.

– Бүгінде екінің бірі әлеуметтік желі қолданады. Сол себепті де, желілерге бақылау күшейген. Атап айтқанда, қаладағы жасөспірімдер кеңінен қолданатын әлеуметтік желілер «Vkontakte», «Fasebook»» «Однаклассники» және басқалар, сондай-ақ,  «Youtobe», «Instagram» арқылы көрсетілетін радикалды бағыттағы материалдарға кәмелетке толмағандардың  қол жеткізулеріне мүмкіндік бермеуіміз керек, - дейді Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева.

Экстремизм мен терроризмнің  қаупі әлеуметтік желілерде күштірек екені және оған жасөспірімдердің тез арбалып қалатыны рас. Оған дәлел Вконтакте желісі арқылы «теріс ағымдарын» насихаттап, «жиһад жолына» үндеушілердің қатары көбейгені.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық прокуратура және «Greenet» ЖШС-нің ІТ компаниясы арасында үшжақты «Мектеп оқушылары арасында суицидиалды мінез-құлықтың алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы Меморандум» бекітілген.

Сонымен бірге, «Мектеп формасындағы діни атрибутикаға қатысты сұрақтар - жауаптар» жинағын білім беру ұйымдары басшыларына таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу осы оқу жылынан ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, оқушылардың бірыңғай мектеп формасы, орамал мәселесі жалпы білім беретін мекемелерде кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.

– Оқу жылының басынан бастап діни орамал тағу мәселесіне қатысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында пайдалану үшін сұрақ-жауап форматында әзірленген ақпараттық жинақ барлық білім беру ұйымдары басшыларына таратылды. Және діни экстремизм мен терроризмнің келтіретін зияны туралы мектептерде дінтану пәні мұғалімдерінің  ақпараттық-таным  бұрыштары ұйымдастырылды, - дейді басқарма басшысы Рахат Сейдахметқызы.

Оның айтуынша, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында орта және жоғары сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне «Діни радикализмнің қатері» атты тақырыпта бейнефильмдер көрсетіліп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, лекциялар мен ашық сабақтар өткізілген.  

Сондай-ақ, білім ошақтарында «Жат ағымнан сақтан», «Экстремизм мен терроризм қаупі», «Ислам және христиан әлемдік діндер» тақырыбында оқушылармен ІІБ, ҰҚК, діни басқарма өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, Рахат Сейдахметқызы жастар арасында «Экстремизм мен терроризмге жол жоқ» тақырыбы аясында жастар арасында флешмоб, «Толеранттылық қоғам қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеті» және «Оқушылардың белсенді азаматтық көзқарастарын қалыптастыру» тақырыптары аясында тәрбие сағаттары өткізілгенін айтты.

Айта кетейік, Алматы қалалық Білім басқармасы алдағы уақытта Дін істері басқармасымен, Антитеррорлық комиссиясымен бірлесіп, жастар мәселесін қолға алуды жоспарлап отыр.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары