Алматыда үздік студенттерді анықтайтын «Дарындылар жәрмеңкесі» өтті. Шара аясында жоғары оқу орнын енді бітірген ең талантты жас мамандар іріктеліп таңдалды. «Менің алғашқы жұмыс орным» атты жобада үздік деп танылған жастарға сертификат тапсырылды. Осылайша, білімді жастың білікті маманға айналуы үшін 40 компания өз бос жұмыс орындарын ұсынды.
Elite кадр холдингі төрт жыл қатарынан «Жылдың ең үздік студенттері» байқауымен ұсынылған «Менің алғашқы жұмыс орным» атты жобасын өткізіп келеді. 20 жыл ішінде компания жұмыспен қамту саласында үлкен тәжірибе жинақтаған.
– Біз студенттердің бойынан жұмыс берушілерге қажетті қасиеттерді табуға басымдық бердік. Ешқандай тәжірибесі жоқ жас маманның көзінен от, белсенділік, өзіне деген сенімділік пен жігер, өзіндік көзқарасы болуына аса мән бердік. Бұл жолы байқауға 2099 студент қатысып, оның 112-сі жеңімпаз деп танылды», – дейді «Дарындылар жәрмеңкесі» жобасының ұйымдастырушысы Олег ПАРАХИН.
Биыл республикалық деңгейде өткен байқауға 2 мың адам қатысуға өтініш білдірген. Ал, байқауға қатысушылардың жұмысын жұмыс беруші компания басшылары мен қоғам қайраткерлері бағалаған. Нәтижесінде 127 студент жеңімпаз деп танылды.
– Бұл байқауға екінші курсты бітіруге таяп қалған кезде қатысқан болатынмын. Байқаудың шарттары бойынша, әрбір студент бастапқыда сауалнаманы толтырғаннан кейін финалға өтеді. Финалда ұсынылған алты тақырыптардың біріне эссе жазып өткізуі тиіс. Менің таңдаған тақырыбым – «Сіздің мамандығыңыз». Бұл тақырыпты таңдаған себебім – менің мамандығым ерекше, сондықтан да бұл мамандық жайында жазылған эссе өзгелерге қызықты болатындығына сендім. Көптеген талапкер бұл мамандықты таңдай бермейді, өйткені қиын, алайда мамандығым өзіме ұнайды, – дейді байқау жеңімпазы, математика мамандығының студенті Алима Әлімбек.
Айта кетейік, аталмыш жоба атақты ұлттық және халықаралық компаниялардан қолдау тапқан. Оған дәлел, бұл жобада 36 білікті адам сарапшы болып отыр. Олардың арасында Қазақстанның азаматтары ғана емес, өзге мемлекеттердің өкілдері, алдыңғы қатарлы ЖОО-ның сарапшылары да бар.
Өткен жылдардағы жастар жобаларының нәтижелері мемлекеттің жоғары сенімін алып, Astana Expo 2017 сияқты ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген.
Ақбота Мұсабекқызы