Білім беру, жастар және спорт саласында белсенділік пен ұтқырлықты қолдайтын Эразмус+ бағдарламасы Алматыда. Еуроодақтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан осынау жобаның шарапатын енді қазақстандықтар да көре алады. 2 қараша күні Алматыда Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Эразмус+ бағдарламасының ақпараттық күні» өткізілмек.
Биыл Эразмус+ бағдарламасының төртінші байқауы өткізіліп жатыр. Оған қазақстандық жастар да қатыса алады. Бағдарламаның Ұлттық кеңесесі байқаудың шарттарымен, іріктеу тәртібімен ұлттық және өңірлік артықшылықтарымен отандық ЖОО-ларды және өзге де білім беру ұйымдарын таныстырмақшы.
Іс-шараға Еуропалық комиссияның Білім беру, аудиовизуалды құралдар мен мәдениет жөніндегі атқарушы агенттігі (EAСEA), Қазақстандағы еуроодақ өкілдігі қолдау білдіріп отыр.
Эразмус+ бағдарламасына биыл тура 30 жыл. Оны жұрт Еуроодақтың білім және ғылым саласындағы ең табысты жобаларының бірі деп есептейді. Осы уақыт аралығында бағдарлама 9 миллионнан астам жастың арманын орындап, еуропалық интеграцияның және халықаралық байланыстың жағымды әсерін қалыптастырды.
Алматыдағы Ақпараттық күн аясында 2 қазандамамандар Халықаралық бизнес университетінің ғимаратында сағат 09:00-ден 17:30-ға дейін келушілерді қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Эразмус+ бағдарламасы студенттерге, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің профессорлары мен әкімшілік қызметкерлеріне басқа елдерде білім алу немесе кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді.