$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да кәсіптік білім алып жатқан жастардың саны еселеп артқан

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында елімізде кәсіби-техникалық мамандықтарға басымдық беруді тапсырған болатын. Өйткені, республикада соңғы уақытта «экономист», «заңгер», «филолог», «халықаралық қатынастар» секілді мамандар саны тым артып кеткен. Ал, күнделікті тұрмысқа, құрылысқа, қалалардың дамуына қажетті мамандарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан, мектептерге дуальды білім жүйесін енгізіп, кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарының санын көбейтуді Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына тапсырма етіп қойды.

Бүгінде Елбасының осынау тапсырмасы өңірлерді сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында дәл қазіргі таңда 74 мыңнан астам жас азамат кәсіптік білім алып жатыр екен. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыспен оқитындардың саны 5,4 пайызға артқан. Өңірде кәсіптік білім беретін жүзге жуық оқу орны бар.

Осындай облыс орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі №5 колледж жұмысымен журналистер ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг барысында танысып қайтты.  1941 жылдан бері маман даярлап келетін білім ордасы  тігінші, модельер, техник-технолог, тоқушы сынды мамандық иелерін дайындауда.

Бұл туралы көшпелі брифинг барысында колледж директоры Гүлмира Тағаева мәлім етті. Оның айтуынша, колледж облыста жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орталығы.

«Негізінен кәсіптік білім беруге бағытталған. Дәл қазір 814 білім алушымыз бар. 19 оқу кабинеті мен  9 оқу-өндірістік шеберханамыз жұмыс істейді. Штаттық кестеге сәйкес  ұжымда  77 педагог  жұмыс жасайды. Оның 38-ден астамы жоғары және І санаттағы оқытушылар. Сондай-ақ, ОҚО  Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуальды оқыту жүйесі негізінде  облыстағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы ірі  21 кәсіпорынмен 4 жақты келісімшарт жасалынған. Соның нәтижесінде бітіруші түлектеріміз 100 пайыз жұмысқа орналасады», - деп мәлімдеді.

Оқу орны облысымыздағы «Bal Tekstil», «Azala Textile», «Әлем-БТ», «ГауҺар», «SABTEX» тігін фабрикалары сынды өндіріс орындарына мамандар даярлап келеді. 

«Осы колледжде «Өрлеу» бағдаламасы бойынша қысқа мерзімде оқып, білім алдым. Соның нәтижесінде бүгінде «Жаңаталап-МТ» тігін фабрикасына жұмысқа орналасып, нәпақамды тауып жатырмын» ,- дейді колледж түлегі Алмаш Шайзадаева. 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қысқа мерзімді курстар бойынша 12 мыңнан астам адам 87 түрлі мамандық бойынша білім беру ұйымдарына оқуға жолданып, оның 30 пайыздан астамы жұмысқа орналасқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары