$ 498.34  519.72  4.85

Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің

Бүгінде жаңа ұрпақ қана емес, ортаңғы ұрпақ та мемлекетіміздің саясатына сай үштұғырлы тіл саясатын қолдап, ағылшын тілінде сөйлеу ғана емес, жаратылыстану пәндерін мектепте, жоғарғы оқу орындарында басқа тілде жүргізуге атсалысуда. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі мектеп, университет мұғалімдері мен оқытушыларын 2016 жылдан бері ағылшын тілін игеруге дайындауда. Осы күні еліміздің түкпір-түкпірінен мұғалімдер келіп, өз білімдерін көтеруге жан-жақты шет тілінде білім алуға келіп-кетуде.

Басқа тілді білсеңіз, басқа ілім өз есігін Сізге айқара ашатыны бәрімізге мәлім. Бізге де дәл осындай бір мүмкіндікті Халықаралық жоба Ерасмус плюс бағдарламасы аясында беріп отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің белді мамандары филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Д.А. Қарағойшиева мен тарих факультетінің әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі Г.С. Султангалиева 2017 жылдың қазан айының 8-нен 19-на дейін Ирландияның Лимерик қаласында «Үздіксіз білім алу мен үнемдеуге арналған трансрегионалды ақпаратты сауаттылық («Developing Trans-regional information literacy for lifelong learning and knowledge economy»)» атты Еразмус+ бағдарламасы бойынша Халықаралық жобамен жұмыс семинарына қатысып, ағылшын тілдерін тереңдей тәжірибеден өткізді. Аталмыш семинар шетел тілдерінің мамандарына тек қана тілдік қана емес, мәдени, тарихи тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Лимерик қаласы бұл Ирландияның екінші көне, орталық батысында орналасқан, халқы жағынан үшінші орын алатын мәдени қала. Лимерик қаласын Шанон атты өзен қақ ортасынан бөліп жатыр. Лимерик қаласы тарихтан көне шіркеу, патша сарайымен танымал екен: Король Джон сарайы; Мария катедралы. Бұл қаланың қолөнері де айтарлықтай дамыған, мәселен таза табиғи жүннен жасалған әр түрлі түсті кеудешелер көз жауын алады. Заманауи өнерден көшелері әр түрлі тақырыптарға арналған көше суреттерін көруге болады. Халықтың өзіне келер болсақ, көшеде кездескен адам көмектесуге дайын, жайдарлы екен. Заманауи стилмен киінген жастары қаланың өміріне бейімделген жастарын көресіз.

Ирландияның өзі Атлант мұхитына қоршалған түбек болғандықтан, саяхатшыларды өзінің табиғатымен таң қалдырады екен, мәселен Ирландияның батысында орналасқан Мойер жартастары. Жан жағыңыз қоршаған су, суық жел, биік жартастар бірнеше жылда болған тарихи жерге қайтадан алып келгендей бір сезім сыйлайды. Табиғаты барлық денеңізге дарып, Сізді ауруларыңыздан емдеп алатындай әсер қалдырады екен.

Міне, осы да басқа тілді білудің бірден бір адамға беретін мүмкіндігі деп ойлаймын. Неғұрлым көбірек тіл білсеңіз, соғұрлым көбірек елді аралауға, танысуға мүмкіндік береді. Біздің болашақ ұрпағымыз тілдерді меңгеруге өте икемді, сондықтан ортаңғы буын осындай келешекке жол беріп, болашағымыз біздің сауатты, өмірге икемді ұрпақтарымыздың қолында екеніне сенеміз. Бірақ, әрине басқа тілдер біздің өз ана тілімізді қараңғылап қалмауы тиіс, әрқашанда біз ұрпағымызға өз тілімізді дамытуға насихаттауымыз керек. Тіл үйрену барысында да, сол елдің тек қана жақсы қасиеттерін сініруге тырысу керек деп түсінемін.

PhD Д.А.Қарағойшиева,
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі, PhD

Г.С. Султангалиева,
Тарих факультетінің әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, д.ф.н., проф.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары