$ 448.15  483.46  4.86

Шымкентте робототехникалық мектеп ашылды

Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін ғылым саласын, оның ішінде робототехника өндірісін дамытуы тиіс. Өйткені, өркениетті елдердің барлығында болашақта жұмысшылардың орнын роботтар алмастырады. Бұл процесс АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания секілді алпауыт елдерде басталып та кеткен. Ал, бізге сол көштен қалуға болмайды. Сондықтан, Қазақстанда қазіргі таңда робототехника саласын енді-енді қолға алына бастады.

Әзірге бұл ғылыммен Назарбаев Университеті мен мектептерінде ғана түбегейлі айналысуда. Ал, өзге оқу орындары осы тәжірибені жақын уақытта меңгеруі тиіс. Сондықтан, НУ мен Назарбаев интелектуалды мектептерінің дарынды жастары қарапайым мектептерге барып, тәжірибелерімен бөлісуді әдетке айналдырған.

Ал, Назарбаев Университетін бітірген тағы бірнеше жас дарын күні кеше Шымкент қаласында робототехника мектебін ашты. Олар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантты жеңіп алып, осындай ілкімді істі қолға алып отыр. Роботтарды құрастырудың алғашқы жобасы Астанада сәтті жүзеге асырылған соң жастар кибермашиналарды құрастыру негізін шымкенттік балаларға үйретуге шешім қабылдапты.

3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленген түлектер бұл қаржыға ғимарат жалдап, қажетті  техника сатып алған.  Жоба жетекшілерінің бірі Саодат Естиярованың айтуынша, олар балаларға робот жасау техникасының барлық негізін үйретпек.  Бұл әдіс Астана қаласында сәтті тәжірибеден өтіпті.

«Төрт ай бойғы үйрету мерзімінде балалар электромобильдермен квадрокоптер құрастыруды үйренеді. Мұнымен қоса бағдарлама жасауды, 3D модельдеу мен басып шығару, гаджет, қосымшалар мен сайт жасауды оқиды. Маңыздысы — бағдарлама жасауға үйрету процесі ойын түрінде өтеді. Соның нәтижесінде балалар оқығандарын жақсы меңгереді», — дейді жоба жетекшісі және Назарбаев университетінің түлегі Саодат Естиярова.

Айта кетейік, аталған мектепке балалар 5-7 жастан қабылданады.  Курс 4 айға созылады. Оқу ақысы — айына 15 мың теңге.

Облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм бағдарламасы өкілдерінің айтуынша, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік гранттар шағын және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде бастауыш кәсіпкерлерге беріледі. Бұған қоса, әйелдерге, мүгедектер мен жасы 50-ден асқан жандарға экономиканың басым секторлары мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін тегін және қайтарымсыз гранттар беріледі.

«Бір кәсіпкерге берілетін гранттың ең көп сомасы — 3 млн теңгені құрайды.  Қолдаудың осынау грант түрі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері жалпы сомасы 300 млн теңге болатын 96 грант берілді. Оның ішінен 2017 жылы 29 миллион теңге болатын 10 грант берілді», — дейді ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм баcқармасының бөлім басшысы Үсен Исаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары