Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі.
Жобаның мақсаты – гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау, бұл – алдағы бірнеше жылдың үдесіндегі мақсат-міндет болып табылады.
Осыған орай, бүгін Алматыда Нархоз университетінде аталған жоба аясында шығып жатқан кітаптарды талқылау жиыны өтті. Басқосуға Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов және университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
– Тәуелсіздігімізді сақтайтын, және елімізді болашақа жетелейтін, дамыған елдердің қатарына қосатын бірден бір мәселе – білімге құштарлық. Біздің қоғамда білімнің үстемдігі болуы керек. Сол себептен де, бүгін міне, «100 оқулық» жобасы аясында кездесіп отырмыз. Бір жылдың ішінде осы бағыт бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Ең бастысы, бізде U38 Университеттер альянсы құрылған. Осы бағытты қолдайтын, ізденетін жастар бізбен бірге. Бүгінгі кездесуіміздің өзі ерекше, еркін, диалогтық форматта болуының өзі қуантады, - деді Алматы қаласы Ішкі істер басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.
Бүгінде алғашқы 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шығып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратылған. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша аударылған. Кездесуде Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алдағы басылатын кітаптар туралы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «100 оқулық» жобасы аясында биыл тағы 30 оқулық жарыққа шығады екен.
– Біз оқулықтарды дайындағанда ең алдымен қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарында қандай оқулықтар аса қажет деген сауалға жауап іздедік. барлық оқу орындарының басшыларымен, оқытушыларымен ақылдаса келе, экономика, менеджмент мамандықтарына арналған оқулықтарға басымдық беріп отырмыз. Себебі, бізде осы бағыттағы қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Бүгінге дейін «100 оқулық» жобасы аясында 18 кітап шығарылып, барлық университеттерге тарап үлгерді. Ал биыл тағы 30 оқулық дайындап шығарамыз деп отырмыз. Оның 10-ға жуығы тағы да экономика, менеджмент мамандықтарына арналған оқулықтар, - деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде жоғары оқу орындарында қызмет ететін ғылыми қызметкерлерді, оқытушылар мен профессорларды, аудармашыларды «100 оқулық» жобасы аясында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Мен ғылыми тұрғыдан аудара аламын, немесе әдеби тұрғыдан редакциялай аламын, аударма ісінде тәжірибем бар деген баршаңызды бізге шақырамыз. Біз көп болған сайын, бұл жобаның жүзеге асу сапасы арта түседі, - деді Рауан Кенжеханұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда «жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жоба Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында жүзеге асыып келеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аудару бюросы үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым түрінде құрылды. Жоба аясында қазіргі әлемдегі (әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде) философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика және экономика салаларында ең танымал оқулықтарды қазақ тіліне аудару күтілуде. Осыған байланысты, Ұлттық аудару бюросы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция және Ресейдің жетекші басылымдарымен серіктестік орнатқан.
Ақбота Мұсабекқызы