$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда 1300 оқушы батырлар жырын жаттауға кірісіп кетті

"Тұлпар мініп, ту алған!" Дәл осындай атаумен алматылық оқушылар арасында 10 күн бұрын батырлар жырын жатқа айтудан байқау басталған болатын. Осы қысқа ғана уақыт ішінде сайыста бақ сынағысы келген 1300-ден астам бала өтінім беріп үлгеріпті. Яғни, енді кемі 1300 оқушы жаз бойы Алпамыс батыр жырын бастан-аяқ жаттайтын болады.

Айта кетейік, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтіп жатқан байқауды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен R-Media компаниясы ұйымдастырып отыр. Жоба жетекшілерінің айтуынша, байқауға қызығушылық танытып, оның ауқымды өтуіне ниет білдіріп жатқан ұйымдардың қатары арта бастапты. Солардың бірі - Ұлттық аударма бюросы. Аталған қоғамдық қор бүгінде Мемлекет басшысының "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасын жүзеге асырып келеді. Енді батырлар жырларының балалар арасында кеңінен таралуына үлес қоспақ ниетте.

Ал, алматылық балалардың дәл бұлайша белсенділік танытуы бекер емес. Байқауды жеңген оқушыға 1 500 000 теңге ақшалай сыйлық беріледі. Тиісінше, екінші орынға - 1 000 000, үшінші орынға - 500 000 мың теңге жүлде тағайындалған. Сондай-ақ, оларды жыр сайысына дайындаған ұстаздары да назардан тыс қалмақ емес. Жүлделі орын алған әрбір оқушының мұғалімі Англияның Оксфорд қаласына барып, тіл білімін жетілдіретін мектепте ағылшын тілін үйреніп келеді.

Айта кетейік, байқау Алматыдағы орта білім беретін барлық мектептердің 6-10 сынып аралығында оқитын оқушылары арасында өтеді. Жобаны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен R-Media компаниясы ұйымдастырып отыр.

- Байқауды жариялағанымызға санаулы күн өтсе де қатысушылардың саны өте көп. Қазіргі таңда 1300-ден астам оқушы өтінім беріп үлгерді және бұл цифра әлі де өсуі мүмкін. Қатысушылар енді 3 ай жаздық каникулында "Алпамыс батыр" жырын басынан аяғына дейін жаттаулары тиіс. Қыркүйек айының басында аудандық іріктеу кезеңін өткізіп, айдың аяғында қалалық деңгейдегі байқаудың нәтижесін шығарамыз, - дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Жалпы, байқау 2 деңгейден тұрады: аудандық және қалалық. Аудандық сайыста үздік шыққан үш оқушы қалалық байқауда бақ сынайды. Яғни, Алматыдағы 8 ауданнан іріктеліп алынған 24 оқушы жүлделі орындарды өзара сарапқа салады. Басты мақсат - балалар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары