Жезқазған Политехникалық колледжін жиырма жылдан астам басқарған, білікті басшы, ұлағатты ұстаз, аймағымызға танымал тұлға Цой Владимир Леонидович құрметті зейнеткерлікке шықты.
Осыған орай, Жезқазған қаласы әкімдігі мен аталған колледж ұжымы салтанатты кеш ұйымдастырып, білім саласының білгірін, өз ісінің майталманы Владимир Цойға ерекше құрмет көрсетті.
Владимир Леонидович Цой өз еңбек жолын 1974 жылы №1 тау-кен кәсіптік техникалық училищеде кәсіптік оқыту шебері қызметінен бастаған. 1979 жылы аға шебер, ал 1983-1990 жылдар аралығында дирктордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін абыройлы атқарған. 1990 жылдың маусым айында тау-кен колледжінің директоры болып тағайындалды. 1997 жылы 3 оқу орнының (құрылыс, тау-кен және ауыл шаруашылық техникумдары) қосылуынан пайда болған техникалық колледждің, қазіргі Жезқазған политехникалық колледжінің директоры болып, осы жылдар аралығында әр қызметтерді атқара отырып, өзін белсенді, өз маманының иесі екендігін шынайы көрсете білді. Басқарып отырған колледж 2013 жылы барлық мамандық бойынша Мемлекеттік аттестаттаудан және білім сапасын тәуелсіз бағалаудан ойдағыдай өтті. 90-жылдардағы оқу жүйесінің үйлесімділік пен реформалау кезеңінде ұжымды сақтай білді, оқушыларды қабылдау санын ұлғайтты, нарық талаптарына сай жаңа мамандықтар ашып, оқу-материалдық базаны заманауи деңгейде жаңартты. Оқу үрдісіне жаңа заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын іскерлікпен ұйымдастырған білікті жан. В.Л.Цойдың басшылығымен политехникалық колледжінде оқу, оқу-әдістемелік, оқу-тәрбие жұмыстары белсендендірілді. Оқу-материалдық базасы заман талабына сай заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылды. Айта берсе Владимир Леонидовичтің өнегелі жолы, аймақ дамуына, білім саласына қосқан жетістіктері жетіп артылады.
Көп жылғы адал еңбегі арқасында ол, Құрмет грамоталарымен, ҚР Президенті Н.Ә, Назарбаевтың Алғыс хатымен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төс белгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім беру Департаментінің, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Салтанатты кешке Жезқазаған қаласы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбаекова қатысып, қала әкімі Қайрат Баяндыұлы Бегімовтың және қалалық мәслихат хатшысы Советбек Тұрсынұлы Медебаевтың құттықтауын жеткізіп, «Құрмет гарамота» және бағалы естелік сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ, Зина Жұманазарқызы өз атынан да жүрекжарды ізгі тілегі жазылған Құттықтау хат пен сый құрмет жасады. Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Ивановна Хмилярчук, Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Сейілбекұлы Қоңырбаев, Жезқазған қалалық «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жезқазған аймақтық «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Абай Арыстанбекұлы Бағчай, аталған колледждің жаңа басшысы Бота Малғаждарқызы және әріптестері, басқада арнайы шақырылған құрметті қонақтар жылы лебіздерін айтып, сый-сыяпаттарын жасады. Өз кезегінде Владимир Леонидович ұрпақ тәрбиесі жолындағы қызықты сәттерімен бөлісіп, ұжымына және арнайы келген қонақтарға шексіз алғысын жеткізіп ағынан жарылды. Айтулы іс-шара керемет концерттік бағдарламаға ұласты.
Ізтөлеу ТҮСІПОВ