Білім & Ғылым 28.08.2015 сағат 14:10

Елімізде жаңа жобаларға басымдық берілмек

Жаңа инновациялық жобаларға жол ашық. Бұл туралы бүгін Назарбаев зияткерлік мектебінде өткізілген «Кәсіпкерлер - Қазақстанның жаңа инновациялық экономикасының көшбасшылары» атты өңірлік семинар-тренингте айтылды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған семинарда сөз алған Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, мұндай шаралар түрлі бағыттар бойынша еліміз аймақтарында өтуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттің қолдауымен Орал қаласында да шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. «100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру барысында жаңа жобалар қолға алынуда. Соның ішінде елді индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты істер де аз емес.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Жұматай Сәлімов, Украинадан келген «Happy Farm» бизнес-акселераторының негізін қалаушы әрі бас директоры Анна Дегтерева мен «Business Systems» компаниясының директоры, халықаралық деңгейдегі бизнес-жаттықтырушы Олег Афанасьев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша өңірлік филиалының директоры Ербол Иденов гранттар алу үшін өтінім беру жүйесін жеңілдету жолдары, жаңа идеялар мен сапалы жобаларды жүзеге асыру, инновациялық бизнесті дамыту, CANVAS үлгісінің негізгі ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді.

Ж.Сәлімов сонымен қатар журналистерге ұлттық инновация байқауының ұйымдастырылып отырғанын мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, «Оқушылар арасында үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша мектептер мен колледждер шәкірттері қазақ және орыс тілдерінде өз жобаларын ұсына алады. Олардың арасынан озып шыққан бес оқушы тәлімгерлерімен бірге Ұлыбританияға 10 күндік білім сапарына жолдама алады. Ал «Үздік жас ғалым» аталымы бойынша сынға түсетіндер (жасы қырыққа дейінгілер) өз еңбектерін ағылшын тілінде жазады. Жеңімпаздар үшін 7,5 млн. теңгеден бастап 1 млн. теңгеге дейін үш жүлдеге қоса Ұлыбританияға барып-қайту қарастырылған. «Жылдың үздік рационализаторлық шешімі» аталымы бойынша аты озған өнертапқыштарға 2,5 - 1 млн. теңге аралығында жүлде берілмекші. Сондай-ақ «Инновациялық тақырыпқа үздік журналистік материал» аталымы бойынша БАҚ өкілдері жас ерекшеліктеріне қарамастан, үздік басылым, үздік бейне, радиоматериал, үздік блог бойынша байқауға қазақ және орыс тілдерінде қатыса алады. Бұлардың арасынан суырылып шыққан сегіз жүлдегерге бір аптаға Ұлыбритания сапары күтіп тұр. Оған қоса бұл аталым бойынша ағылшын тілінде де сынақ өткізу үшін демеуші іздестірілуде. Байқау 15 қыркүйекте басталады.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар