Үш ауысымда білім беретін мектептерде бірден-бір қиындық көріп отырғандар – бастауыш сынып оқушылары. Бала саны тым көп. Бір топта – орта есеппен 40 баладан. Қалалық білім басқармасының дерегінше, Шымкентте биыл тағы 24 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 21 мың болатын.
«Үш ауысымды мектептердің мәселесі – біздің басты назарымызда. Қосымша тағы жеке инвесторларды қарастырып жатырмыз. Егер табылып қалса, ертек шешіледі деген үміт бар» – дейді Шымкент қалалық білім басқармасы материалдық-техникалық базаны дамыту бөлімінің басшысы Серік Бабақұлов.
Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін қала биілігі биыл қазынадан қыруар қаржы қарастырды. 7,5 миллиард теңге. Айталық, «Нұрсәт» шағынауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа шағынаудандағы жаңа білім ордасының еңсе тіктеуіне қала қоржынынан 1,5 миллиард теңге бөлініпті. Қазір құрылыс жұмыстарының 90 пайызы біткен. Сәтін салса, жаңа оқу жылында ел игілігіне берілмек.
Ал Шымкент қалалық құрылыс басқармасы биыл әлеуметтік нысандарға басымдық беріп отыр. «Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. 6 мектеп жыл соңына дейін берілсе, 10 мектептің құрылысы 2020 жылға өтпелі. Қазір мектептің құрал-жабдықтарын әкеліп, құрастырып жатыр», - дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібжан Ибрагимов.
«SN.kz»-ақпарат.