Биыл мемлекеттік грантқа ие болғандар саны жылдағыдан көп. Жақсы үрдіс. Көп балалы отбасылардан шыққан талапкерлерге қосымша тағы 5000 грант бөлінді. Қарағанды облысына осы бес мыңның 195 гранты берілді. Бірақ дәл қазір облыста осы грантқа тек 67 бала ғана өтініш жазды, деп хабарлайды adyrna.kz.
Яғни бөлінген гранттың басым бөлігі игерілмейді. Неге дерсіз. Себебі Білім және ғылым министрлігі көп балалы отбасыларға бөлінген қосымша грантты педагогикалық, ауылшаруашылық және инженерлік, IT мамандықтарға берілсін деп бұйырған.
Сонда деймін, облыстық Білім басқармасы өңірдің ерекшеліктеріне, көп балалы отбасылардың санына, ҰБТ тапсырып шекті балл жинағандар таңдаған мамандыққа мониторинг жасап, өздігінен ұсыныс жасай алмай ма? Мектептер мен Білім басқармасы түлектердің қандай мамандыққа тапсырғанын біледі. Осының негізінде, біздің өңірде мынандай мамандықтарға басымдық берілді, осынша түлек мына мамандықты таңдады, грантты осыларға бөлулеріңізді сұраймыз деп неге ұсыныс жасамаған?
Енді бос қалған 128 грант қайда беріледі? Республика бойынша көп балалы отбасылардың түлектеріне берілген 5000 гранттың қаншасы иесін тапты?
Жыл басында облыс әкімі Ерлан Жақанұлы көп балалы отбасылардың балалары үшін колледждерге 8000 грант беріледі деп хабарлаған. Кеше облыстық Білім басқармасына бардым. Колледждерге көп балалылар үшін бірде-бір грант бөлінбеген. Жалпы конкурсқа түскенде де еш жеңілдік жоқ. Ал ҰОС мен ауған соғысы ардагерлерінің балаларына грант беру кезінде жеңілдік қарастырылған.
Қарағандының бірде-бір университеті көп балалы отбасылардың студенттеріне 10 пайыз да жеңілдік жасамайды. Бір үйден екі студент ақылы бөлімде оқыса тіпті ауыр. Тамыздың 25 күні оқу ақысының 30 пайызын төлемесе, оқуға қабылдамайды. Ал игерілмеген грант қаншама?
Ләззат ҚОЖАХМЕТ