Қазақтың Википедиясында қазақ тілді мардымды ақпараттар жоқтың қасы. Ең болмағанда, ескі мағлұматтарды жаңартуға ешкім бел шеше кіріскісі келмейді, деп жазады Sкifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақтың Уикипедиясына қатысты мәселені ғаламтордың жілігін шағып, майын ішетін журналист Мейрамхан Жәпек Facebook-парақшасында орынды көтеріп отыр.
"Елдің баласы бала, біздікі бір пәле" дегендей, ағылшын мен немістің, француздың Википедиясын айтпағанда, көрші орыстың Википедиясы қашан қарасаң жайнап тұрады ғой, шіркін. Ал біздікі...
Мен Уикипедияға Энциклопедияға қарағандай қараймын, себебі, қайбір жылы Қазақ КСР Энциклопедиясының материалдары осы Уикипедияға құйылған болатын, мәліметтер базасы баршылық-тын. Журналист болған соң одан бөлек ақпарат көздерін де ақтарамын, анықтамалық кітаптармен де салыстырамын. Дегенмен әуелде Уикипедияға сүйенетінім рас", - деп журналист жазбасын өзге елдің оперативтілігіне тамсанудан бастады.
Негізінен, Google сайтындағы қазақша ақпараттарда қате толып жүр немесе іздеу барысында толыққанды ештеңе таппайсың. Осы компанияға тиесілі Уикипияда талай қазақ баласы өріп жүрсе де, ескі ақпараттардың жаңартылмайтын жүргені көңілімізге, расында, қаяу түсіреді. Ақын-жазушыларымыз туралы қазақ тілінде іздей қалсаң, өмірбаянынан әрі аса алмайсың. Жалпы ойласақ, оларға қатысты қаншама тың ақпараттар жазылып, басылым беттерінде жарияланып жатыр.
Осыған қарап, ізденімпаз жастарымыздың дені азайып, көшіруге жаны құмарлардың қарасы көбейіп келе жатқаны налытады.
Мейрамхан Жәпектің ойынша, тіпті "Абай Құнанбаевты" өзге тілде жазып, іздеу батырмасын басса, әлемдік деңгейдегі ағартушының еңбектерін, өзге де құнды ақпараттарын табуға болады.
"Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы іс-шаралары ресми түрде басталды деп кеше Президент пен Елбасы арнайы мәлімдеді.
Содан өзіміздің Уикипедияға Абай Құнанбайұлы деп жаздым, сөйтсем жаңалайтын тұстары тым көп екен! Мәтін бар, бар болғанымен жаңартылмаған, көрнекі сурет бар, бар болғанымен жоқтың қасы...
Содан кейін орыстардың Википедиясын ашып, Абай Құнанбаев деп тердім. Абай бабамыздың берісі Байқоңырдағы, арысы Мысыр астанасы Каир қаласындағы ескерткіштеріне дейін тұр.
Одан бөлек, Абай бабамыздың туған күніне байланысты БІЗ-10 ТАМЫЗ дейміз, орысша Википедия-22 АВГУСТА деп жаңалап қойыпты, мықты!
Абайды әлемге қазіргі уақытта танытудың бір жолы -әуелгі кезде интернетке Абай туралы мәліметтерді енгізу, жаңалап отыру маңызды.", - деп жазды журналист.
Осылайша журналист ізденімпаз қазақ тілді аудиторияның "мұң-мұқтажын" бүкпесіз жеткізген сияқты.
Шынында, қазір цифрланған әлемде, барлығы дерлік, керегін ғаламтордан іздеп-табуға әрекеттенеді. Ал қазағымыз өз тілінде жақсы нәрсе таппағасын, орысша іздеуге кіріседі.
Осы тұрғыда Мейрамхан Жәпек қазақ тілді аудитория көбеюі үшін ақпараттарды жаңалауға мемлекет тарапынан қолдау болса, көмектесуге дайын екенін жеткізді. Тіл жанашырының жазбасын, тіпті, жоғары жаққа ұсыныс ретінде қабылдауға да болатын секілді. "Еріктілер жылында" көзі ашық, көкірегі ояу ерікті жастар жұмылып, осы бастаманы іліп әкетсе, "бір жеңнен қол, бір жағадан бас" шығатыны анық.
"Бұл жерде кінәліні іздеу мақсат емес, тек жауапты мекемелер осыны ескерсе екен, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, деген жанашырлық менікі. Қажет болса Еріктілер қатарында мен де көмектесермін", - деп түйіндеді ол.