Экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов «жер бетіндегі тіршілік Тұран даласында пайда болған» деген сенсациялық тұжырым жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» жаңалығын негізге ала отырып.
Профессордың пайымдауынша, Жер планетасына құлаған алғашқы астероидтардың іздері Қазақстан аумағынан табылған. Ғалымдар төрт бірдей ірі кратерді анықтапты. Олар Ақтөбе түбінде, Балқаш көлі мен Арал теңізі маңынан анықталған.
Сонымен, Рахман Алшанов «жердегі тіршілік атаулы Тұраннан тараған» деген тоқтамға зороастра дінінің қасиетті кітабы «Авестаны» оқу арқылы келіп отыр екен. Оның сөзінше, «Авеста» – діни кітап қана емес, апат тарихы хронологиялық тәртіппен жазылған ғылыми еңбек. Сондықтан соны негізге ала отырып, өзінің «Жиырмасыншы мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты дүниесін жазып шығыпты.
«4,5,6 мың жыл бұрын болған оқиға «Авестада» жазылған екен. Соның барлығы біздің жерде болған. «Авестаны» жазған адамның өзі Орал теңізінің жағасында, яғни солтүстік Тұранда туып-өскен», - дейді, профессор Рахман Алшанов.