25-28 тамыз аралығында қашықтан бірыңғай сабақтар өтеді. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Сабақ өткен материалды қайталап, жаңа оқу жылына дайындалу үшін 2-11 сыныптар арасында ұйымдастырылады.
"Оқу процесі бұған дейін әр мектеп таңдаған интернет-платформаларда қашықтан өткізіледі. Сабақ 10:00-де басталады, ұзақтығы - 20 - 40 минут. Кестеге негізгі пәндер енгізілген", - деді білім министрлігі.
2-4 сыныптарға 2-3 сабақ, 5-8 сыныптарға – 3-4 сабақ, 9-11 сыныптарға – 4-5 сабақ өткізу ұсынылып отыр.
Бірінші және екінші күні, яғни 25-26 тамызда балалардың білімі тексеріледі. Сабақта бұған дейін өткен материал қайталанады. Тест пен жаттығулар жасайды.
Үшінші және төртінші күні, яғни 27-28 тамызда алғашқы екі күн нәтижесі бойынша жаттығулар беріледі.
Еске сала кетсек, 19 тамызда Қазақстан мектептерінде бірыңғай педагогикалық кеңес, ал 20 тамызда бірыңғай ата-аналар жиналысы өтті.
Оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Білім күні тарихта алғаш рет онлайн өтеді.