Жаңа оқу жылы қарсаңында кітап оқушылардың барлығына бірдей берілмеген. Жекеменшік білім мекемелерінде оқитын балалардың ата-анасы осыған наразы. Оқулықтың бағасы қымбат, бір балаға қажетті кітаптың құны 20 мың теңгеден асады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ата-аналар оқулықты неге сатып алуы керек? Аида Төлегенова – үш баланың анасы. Жылда жаңа оқу жылы қарсаңында кітап дүкендерін аралап, табанынан таусылады. Себебі, жекеменшік мектепте оқитын балаларына кітап жетіспейді.
«Былтыр біз 1-сыныпқа сатып алғанда 10-15 мың теңге кетті. Биыл екі кітап берді, қалғанын біз өзіміз сатып алуымыз керек. Сатып алған бағасы былтырғыдан екі есе болайын деп тұр. Бізге де мемлекеттің мектебі сияқты кітап бөлгенін қалаймыз», - дейді ол.
Бұл мектепте оқушылардың ешқайсысы оқулықтың толық жиынтығын алмайды. Ал мектеп басшылығының барлығын толық кітаппен қамтуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, білім ордасы – жекеменшік. Алайда, мемлекеттен тапсырыс алады. Соның есебінен балалар мұнда тегін оқиды. Бірақ, мектеп басшылығы қашықтықтан оқыту кезінде оқушыларды оқулық және компьютермен қамтамасыз ете алмайды.
«Мемлекеттік мектептерде қазір жан басына АӘК төленеді. Мұқтаж адамдарға компьютер, кітап беріліп жатыр. Жекеменшік мектептерде ол қарастырылмаған. Қазіргі таңда жекеменшік мектептер көбейіп жатыр. Сондықтан жеке болсын, мемлекеттік болсын, барлық бала кітаппен қамтылуы керек», - дейді жекеменшік мектептің директоры Жанна Бүркілова.
Мектеп басшылығы мемлекеттен бөлінетін қаржы коммуналдық қызметтер мен мұғалімдердің жалақысын төлеуге кететінін айтады. Сондықтан мектеп әкімшілігінің құрылтайшы есебінен көп кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Ал мұнша оқулықты сатып алғысы келмеген ата-аналар мектептен балаларының құжатын кері қайтарып алып жатыр. Бірақ, жақын маңдағы мемлекеттік мектептерде орын жоқ.
«Білім туралы заңда мемлекет мектептердің түр-түсіне қарамастан, олардың барлығын оқу құралдарымен және әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген. Яғни, бұл – мемлекеттің міндеті. Өкініштісі сол, бүгінде жекеменшік мектептер оқулықты өздері сатып алуға мәжбүр. Ата-аналардың есебінен», - дейді мектеп директоры Динара Құдайғұлова.
Қазір көптеген бала мектептердегі орынның жетіспеушілігінен мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде білім алып жатыр.
Шынында да жекеменшік мектептер оқу және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілмеген. Үкімет басшылары мен министрлер қатысқан көптеген жиында осы мәселені көтереміз. Бізде жекеменшік мектептер көп емес. Бірақ, неге осы мәселені түбегейлі шешуге болмайды?» - дейді республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының жетекшісі Роза Садықова.
Ата-аналар балаларымыздың құқығы тапталып жатыр дейді. Бүгінде елімізде 182 жекеменшік мектеп бар. Олардың көпшілігі Алматы қаласында орналасқан.