Әлеуметтік желіде екі әйелдің баланы №17 мектепке орналастыру жайында хат алмасқан жазбасының скриншоты пайда болған еді. Жазбада әйел директор болса да, бұл іске ықпал ете алмайтынын, мәселені қалалық білім бөлімі шешетінін айтқан, деп жазады «Айқын» газеті.
«Мен білім бөлімі жетекшілерімен сөйлесе аламын, бірақ, оған рақмет айту керек. Мөлшері – 150 000». Соңында осылай жазылған. Жазбада баланы №17 мектепке орналастыру үшін пара беру туралы айтылып жатқанын аңғару қиын емес.
Көп ұзамай, жұртты алаңдатқан осы посттың астына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген пікір қалдырды. Ол осы мәселеге байланысты тиісті органдар шара қолданатынын жеткізді.
Atpress.kz-тің жазуынша, оқиға расталса, жауаптыларға заң талабына сәйкес қатаң шара қолданылатын болады. Ал егер жалған болса, ақпаратты таратқан азаматтарды заң бойынша 20 АЕК көлеміндегі айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Сондықтан әкімдік жауапты органдар барлығын анықтағанша сабыр сақтауға шақырды.