Петропавл қаласының санитарлық дәрігерлері сабақ барысында бастауыш сынып оқушыларын маскамен отыруға мәжбүрлеудің қажеті жоқ деген қорытындыға келді. Өйткені, балалар үшін маскамен ұзақ уақыт отыру қиынға соғады. Оның үстіне, олардың тыныс алу жүйесі әлі толық қалыптаспаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, маскаға қатысты негізгі талаптың бірі – балалар кабинеттен шыққанда немесе үзіліс кезінде ғана тағып жүруі тиіс.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, 5-6 жасар балаларға көшеде жүргенде маска тағуға болмайды. 12 жастан асқан балалар ересектер сияқты маска режимін ұстануы керек. Сондықтан балалар сабақ үстінде маскамен отырмайды. Бұл – олардың тыныс алу жүйесіне өте ауыр жүктеме», – деп түсіндірді ол.
Маман бірнеше рет қолданылатын маскаларды 4 сағатта бір рет, ал бір реттік масканы екі сағатта бір рет ауыстыру қажеттігін айтады.
«Меніңше, бала өзімен бірге бірнеше рет пайдалануға болатын бір немесе бір рет қолданылатын екі масканы алып жүруі тиіс. Өйткені, балалар үзілісте көп қозғалып, жүгіріп, терлейді», – дейді Горлова.
Бұл ретте, Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы Гүлмира Кәрімова жеке сулық пен антисептик және қорғаныш маскаларын сатып алу ата-аналардың міндеті екенін атап өтті. Ал дезинфекциялаушы заттар мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі.