$ 494.87  520.65  4.91

«Жапондар он екі жасқа дейін 4-ақ пән оқиды» – қазақ ғалымы

Ол төрт пән мыналар: жапон тілі, тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрі.
Фото: kznews
Фото: kznews

Әлемге әйгілі ғалым, 1999 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық географиялық орталықтың шешімімен «Ғасыр адамы» атағын алған тұңғыш қазақ, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетай «Егемен Қазақстанға» сұхбат берді.

«Қазіргі білім саласындағы рефор­малар­ға, өзгерістерге көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа:

 - Көңілім мүлдем толмайды. Тәуел­сіздік алғалы бері Білім және ғылым министрі 14-15 рет ауысты ғой деймін. Жалпы, адам баласына әке-шешесінен кейінгі қымбатты адам ол – мұғалім. Дүние­дегі ең қымбат капитал ол – жас адам. Оны тәрбиелеуге кеткен ақша есе­сімен қайтады. Білімі, ғылымы, ру­хы төмен ел, ешқашан өркендемейді. Сон­дықтан ұстаздардың беделін ең жоғарғы сатыға көтеріп, жалақыларын жарты мил­лионға дейін жеткізу керек.

Екінші маңызды мәселе тәрбиеге аса зор көңіл бөлінуі керек. Мен Жапонияда 5 рет болдым, олар он екі жасқа дейін 4-ақ пән оқиды. Ол төрт пән мыналар: жапон тілі, тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрі.

Өз ата-анасын, елін, халқын, отанын жан-тәнімен сүйген, құрметтеген, ол үшін жанын пида ететін адам ғана бүкіл адамзаттық деңгейде көтеріле алады. Намысты оятудың ең маңызды шарасы – мектепте тәрбие жұмысын жандандыру.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының барлығы университет мәртебесіне ие болды. Бұрын екі-ақ университет болатын еді. Университет дегенде оның мәні, аты айтып тұрғандай әмбебап, көптеген мамандығы бар кешенді оқу орны. Біздегі педагогикалық, политехникалық тағы басқа институттар бір-екі жаңа мамандықтарды ашты да бәрі университет болып шыға келді. Олардың санын қысқартып қазіргі таңда сабақ беріп жатқан 150 жоғары оқу орнының 30-40-ын қалдырып, қалғанын жабу керек. 18 миллион халыққа 30-40 жоғары оқу орнының өзі көп. Қазір экономика, заңгер мамандықтарын бітіргендердің саны бір орынға 15-20-дан келеді дейді. 50 миллион халқы бар Англияда 20 шақты ғана университет бар.

Бірде Жапониядан келген шетелдік әріп­тесім: ‒ Қазіргі білім жүйелеріңіз қалай, – деп сұрады.

Айттым:

‒ Біздің жүйе Болон әдістемесіне кірейін деп жатыр, соған әрекет етіп жатыр, ‒ деп. Сонда ол кісі:

‒ Біз де ептеп оқу жүйесін жаңар­тайық, реформа жасайық деп жатырмыз. Біздің реформа Кеңес Одағының 1950-1960 жылдағы оқу жүйесіне негізделуде, ‒ деді.

‒ Мектепке оқулық жазып жатырсың­дар ма? ‒ дегенде:

‒ Жазу қиын. Перышкин деген автор­дың кітабын жапон тіліне аударып жатырмыз, содан оқитын боламыз. Біз зерттеп біліп сондай қорытындыға келдік, ‒ деді.

Мен Қарағандыға келгеннен кейін, бұл Перышкинның несі артық деп қазіргі шығып жатқан оқулықтармен салыстырып қайта оқып шықтым. Сөйтсем, шынында да 1950-1960 жылдары шыққан Перышкин оқулығы қазіргіден әлдеқайда артық екен.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары