$ 444.14  477.05  4.85

Инженерлік білім – инновация негізі

Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы, құнды қазынасы, сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Оған қол жеткізу оңайға соқпады. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті Тәуелсіздіктің әр жылы біздер үшін тарихи күн. Оны өз дәрежесінде тойлап, ұлттық мереке ретінде атап өтуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев назарынан тыс қалдырмай келеді. Бұл өткенге деген құрмет деп білуіміз керек.

Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде елде татулық, бірлік, тұрақтылық орнады. Әлемдік аренада Қазақстанның абырой-беделі арта түсті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлығы әр қазақтың жүрегіндегі жазылмас жараны емдегендей әсер қалдырды. Бұл біздің елді ядролық қаруға қарсы күресетін әлем елдерінің көшбасшыларының қатарына қосты. Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Содан бері ол күн БҰҰ шешімімен Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып бе­кі­тілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бас­тап біздің мемлекет әлем алдында ашық саясат жүргізіп келеді. Оған дә­лел ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ал­ғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Шанхай ынтымақтастық ұй­ы­мы­ның сенімді мүшесі болу – Қазақ­станның сыртқы экономикалық бай­ланыстарының дамуы мен халық­ара­лық қатынастарда беделінің артуына зор мүмкіндік тудырды.

Елбасының Мәскеу мемлекеттік университетіндегі 1994 жылғы тарихи кездесуінің алар орны айрықша. Оның айрықша боларлық маңызы да бар. Себебі, сол жиында айтылған идея негізінде Еуразиялық экономикалық одақ өмірге келді. Біз сонда Елбасы­мыз­дың даналығына, оның арыдан ойланатын тұлға екеніне тағы бір куә болдық. «Әлем.ХХІ ғасыр» мани­фе­сі де Президентіміздің сұңғыла сая­сат­кер­лігін аңғартса керек.

Қазір дүние жүзі түрлі дүрбелеңге то­лы. Саяси қақтығыстар, діни экстре­мизм, көріністері аз болмай тұр. Ал Қазақстан ауызбірлікті бірін­ші оры­н­ға қойып, ымыра мен ынты­мақ­­­тастықты берік ұстап, татулық пен тұрақтылықты ту етіп отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының алыс­тан болжайтындығының дәлелі деп білемін. Ұлттық ұйымшылдығымызды одан әрі дамытып, іргесін бекіте түсетін «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары сияқты стратегиялық жоспарлар бізге әлемнің дамыған, озық 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді.

Халықтың интелектуалдық қабі­ле­тін дамыту ісінде Елбасы бекіткен ере­желердің де маңызы зор. Соның бірі Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы дер едім. Ғылым ордасының негізгі атқарар міндеті де елдік іс, Елбасы саясатына үн қосу. Біздің академия 1991 жылы КСРО Инженерлік академиясының Қазақ бөлімі болып құрылды. Ел Тәуелсіздігін алумен қатар оған «Ұлттық» дәрежесі берілді. Академия негізін қалауға білікті мамандар, ғалымдар, Парламент пен Үкімет мүшелері, көптеген кәсіп­орын, университет, бірлестік басшы­лары үлес қосты. Біз қазір олар­ды асқан құрметпен еске аламыз. Олардың ішінде айтулы ғалым Өмірбек Жолдасбековтің орны ерекше. Академик Қазақстан Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Жолдасбековтің басшылығымен әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ түбірінен жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грей­дер­лік, жүк қармауыш және манипуляциялаушы құрылғылар жасалынып, өндіріске енгізілді. Өмірбек Арсыланұлы қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасады, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды.

Әлем нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру үшін білім мен ғылым ауа­дай қажет. Оның ішінде инжене­рия саласын одан әрі дамытуға баса назар аудару өмір талабы болып тұр. Инженерлік академияның дүниеге келудегі «идеологиялық негізі» осы болатын. Әрине, бұл ғылым ордасын жұрт бір ауыздан мақұлдаған жоқ. «Қазақстанға тағы бір академия не үшін керек?» деген сұрақтар да қарша борап жатты. Біздің бағымызға орай, өзі де осы саладан алыс болмағандықтан Елбасы бұған асқан түсіністікпен қарады. Нәтижесінде академия құру керек деген ой қолдау тауып, Тәуелсіз Қазақстанның білім туралы заңына еніп, оған еліміздегі барлық ғылыми-инженерлік орталықтар шо­ғыр­лан­дырылды.

Академияның негізін қалау­шы­лардың құрамына белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері кірді. Олар­дың қатарында А.Абдуллин, К.Ауха­ди­ев, С.Байболов, У.Бай­мұ­ра­тов, Ш.Бек­­болатов, Г.Бекжанов, А.Болатов, Ф.Ғалымов, А.Жомартов, Б.Жұ­ма­ғұлов, Т.Жүнісов, Ұ.Қарама­нов, Х.Қазыханов, С.Қожахметов, А.Құлыбаев, Н.Надиров, Б.Нұржанов, М.Нұрымов, Б.Парымбетов, И.Полы­вя­н­­ный, О.Сәбденов, А.Сқа­қов, С.Тәке­жанов, М.Үркімбаев сияқ­ты тұл­ғаларды ерекше атауға болады.

Министрлер кабинетінің 1991-1992 жылдардағы екі ережесімен академия дәре­жесі бекітілді. Онда Инженерлік академия еліміздегі инженерлік сала­ның жоғары ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші орталығы екені анық­­­талған. Біз Қазақстандағы бо­ла­­­шағы зор демократиялық қо­ғам­ға тән біріктірудің жаңа форма­ла­­рына арқа сүйеу керектігіне сенім­ді болдық. Біріншіден, мұны баса айту керек, себебі, бас кезінде қиын­дықтар туғызғанымен, кейінгі уақыт­тарда, яғни онжылдықтағы тәжі­ри­беде бұл тәсілдің дұрыстығын өмір ағысы дәлелдеп отырды. Тек атау­ын ғана академия деп атамай, со­ған сай жаңа тәсілде жұмыс жасап, мемлекеттегі орны мен рөлін анық­тап, бірегей бағытын табу керек бол­ды. Нәтижесінде ғалымдар мен ин­же­нерлердің қарым-қабілетіне күш сала отырып, олардың мемлекет пен кәсіп­керлік арасындағы өзара байланысын құру керек деген тұжырымға келдік.

Академияның алға қойған бас­ты мақсаты – ғылым мен тәжірибе арасындағы көпірге айнала отырып, өндірістегі ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізу және елдегі ғылыми-техникалық саясаттың өркендеуіне үлес қосу. Сол кезден бері біз алға қой­ған мақсатымыздан айныған емеспіз. Бұл мәселені шешудегі ең үлкен жетістіктің бірі – 90-шы жылдары біз­дің бастамамыз бойынша Үкіметте Са­ла­аралық ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Ал инженерлік академия оның негізгі жұмыс ұйымы болды. Аталмыш кеңес өзінің 4 жылдық қызметінде отандық ғалымдар мен инженерлер жүзеге асырып, көпшілігі халықаралық деңгейде жетістіктерге жеткен 200-ден аса іргелі зерттеу жо­баларға қолдау көрсетті. Бірақ эко­но­микалық қиындықтарға байланысты ол кезде ғылыми жұмыстарға қолайлы жағ­дай аз болды. Экономикаға түбе­гейлі өзгерістер енді, өндірістік әлеует құлдырады. Зерттеудің негізгі өзегіне айналған өндірістер шетінен жабылып жатқан болатын. Дегенмен, осындай қиыншылықтарға қарамастан, біздің бастамамыздың негізінде Қазақстан көп­теген салалық ғылымдардағы әлеу­етін сақтап қала алды. Ол ғы­лы­ми жобаларымыз бүгінде басты ар­тық­шылықтарымыз болып қалуда. Бұ­ған мынадай екі үлкен көрсеткішті дәлел ретінде ұсына аламыз, 25 жыл ішінде академия ғалымдары 6 мыңнан аса ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырды. Инженерлік академияның 47 мүшесі Отанымыздың ғылым мен техника салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтың, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Бұл сандардың астарында академия мүшелері мен еңбек ұжымдарының өздері жасап, әрі жүзеге асырып отырған үлкен же­тістіктері жатыр. Сондықтан да атал­мыш көрсеткіштер ғылыми-инже­нерлік қоғамның үздік үлгілері десек жарасады. Кең көлемдегі табыстарымыз ретінде, тау-кен металлургиялық және көмір шикізатын өңдеудің жаңа технологияларынан бастап супер­ком­пьютерлік өндіріске дейінгі, сон­дай-ақ, антропогендік ластануды баға­лаудағы бағдарламалық кешеннен, күн, жел сынды энергия алудың жаңа типтерін жаңғыртуға дейінгі ара­лықтардағы жаңалықтарды айтуға болады.

Біз үшін зерттеудің ғылыми дең­гейі ғана емес, оның өндірістегі тех­нологиялық әдістерге енуі де ма­­ңызды еді. Бұл жерде біз Елба­сы­­ның: «Өндірісті жандандыру – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығай­та­тын инновацияларды енгізумен байланысты болады», деген сөзіне сүйендік. Сондықтан да бұл қызметімізді бо­лашақ­қа нақты бағдар жасайтын мем­лекеттік маңызы бар жұмыс деп се­німді түрде айтуға болады.

Тағы бір мемлекеттік маңызы бар бағыт – заң шығарушы органдардың дамуына ат салысу. Бұл жұмысымызды ғылым мен өндіріс ортасындағы мақсаттарды ұштастыруға бағыттап отырмыз. Академия мүшелерінің қатысуымен ғылым мен білім, инно­ва­циялық қызмет, патент туралы көп­теген құжаттар жасалып, заңдар қа­былданды. Жұмыс барысында ғы­лыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудағы отандық ғалымдар мен мамандардың дәрежесін көтеруге де басымдылық берілді. Мемлекет басшысының бастамасы арқасында ғылымның жаңа басқару жүйелерін енгізу туралы маңызды заң шығаруға және тәжірибеде серпіліс жа­сауға мүмкіндік туды. Оның бір бағыты, ғылыми қызметтің нәтижесі ретінде отандық кәсіпкерлікке инновацияларды енгізу арқылы ынталандыру болып табылады. Бұл алдағы уақытта да жетілдіріле береді. Уақыт өте келе үздіксіз жұмыстармен жалғасып өз нәтижесін беретініне сенімдіміз.

Инженерлік академия ғалымдары Парламент пен Үкімет те, олардың бөлімдері мен министрліктерде жұмыс істейді. Сондай-ақ ірі бірлестіктер мен өндіріс ошақтарын, ғылыми ұйымдар мен Қазақстандағы ЖОО-ны басқарып отырған азаматтар да аз емес.

Бүгінде академия жүздеген көрнекті ғалымдар мен жетекшілердің, сапалы мамандардың басын қосып отырған елі­міз­дегі ғылыми-инженерлік әлеу­ет­тің алтын қорына айналды. Біз әлемдік аренада да жоғары жетістікке ие болдық. Себебі, академиямыз Халықаралық инженерлік академиямен және Ислам мемлекеттері инженерлік институттар федерациясымен, сондай-ақ, әлемдегі бірнеше беделді инженерлік ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасап ке­леді. Бүгінде Ұлттық инженерлік ака­де­­мия халықаралық дәрежедегі ірі ғы­лыми-инженерлік және ғылыми-өндірістік ортаға айналды деуге болады.

Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясы өзінің 25 жылдық мерейтойына болашаққа сенімді сілтеме жасай отырып, үлкен бедел жинап келді. Осы орайда, жақын арадағы жауапты міндетіміздің бірі – Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ат салысу. Көрме аясында ұлттық ин­же­нерлік академия Қазақстан Жараты­лыс­тану ұлттық ғылыми академия­сымен бірлесе отырып басты ұйым­дас­тырушы ретінде «Болашақ энергиясы: инновациялық жоспарлар мен жүзеге асырудағы әдістер» атты әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ инженерлер мен ғалымдардың WSEC-2017 әлемдік конгресін өткізуді жоспарлап отыр.

Алдымызда атқарар міндеттер мен жүзеге асыратын жобалар жетерлік. Жос­парлаған жұмыстарды ойдағыдай іс жүзіне асыра отырып, біз елдің өрлеуіне, ғылым мен білімнің дамуы­на қомақты үлесімізді қоса береміз. Өт­кен жылғы Тәуелсіздіктің төл мерекесіне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашақ жастары біздің жетістігімізбен мақтанып, біздің тәжірибемізден үлгі-өнеге алулары керек», деген болатын. Біз де Елбасының үдесінен шығып, еліміздің ертеңгі жарқын жетістіктері үшін интеллектуалдық игілігімізді шыңдай беретін боламыз.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары