Қоғам 22.06.2017 сағат 09:26  2897

Шымкентте 25 жыл бұрын перзентханада ауысып кеткен егіздер бірін-бірі Интернет арқылы тапты

Бұрын мұндайды тек үнді фильмдерінен көретінбіз. Шымкентте адам айтса сенгізіс оқиға орын алып отыр. Осыдан 25 жыл бұрын туылып, перзентханада ажырап қалған егіздер бірін-бірі әлеуметтік желі арқылы тауып алды. Енді қыздардың әкесі ОҚО орталығындағы перзентхананы сотқа бермекші. Бұл туралы "Время" газеті жазып отыр.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ирина мен Карина (есімдері өзгертілген) 1992 жылдың шілдесінде Шымкенттегі перзентханада бір уақытта дүниеге келген. Олармен бірге тағы үш әйел егіз босаныпты. Толғақ ауыр өткендіктен қыздардың анасы Татьяна 1 ай бойы хал үстінде жатып, ақыры мүгедек боп қалған. Күйеуі де көп ұзамай оны тастап кетіпті.

Өсе келе егіз қыздардың бойында мүлдем ұқсастықты байқамаған анасы дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен. Ақ халаттылар сәбилердің екі түрлі ұрықтан пайда болғанын айтып, ананың көңілін жұбатқан.

9-сыныптан кейін Ирина оқуын мектепте жалғастырады. Карина болса Алматыдағы авиаколледжге оқуға түсіп, сонда қонысын ауыстырған. Оқуына ақша жеткізе алмағандықтан ол алғашында жұмыс істеп көріпті. Кейін мүлдем колледжден шығып қалған. Көп ұзамай Карина болашақ жарын кездестіріп, Алматыда отбасын құрады, бір ұл мен бір қызды дүниеге әкеледі.

Ал, Ираның Германияда оқитын құрбысы бір күні оған бейтаныс қыздың суретін жіберіпті. Суреттегі бойжеткен Ираның көшірмесіндей. Кейін екеуін әлеуметтік желіде таныстырған. Неміс қыздың аты Виктория екен. Ол да 1992 жылдың шілдесінде Шымкенттегі перзентханада дүниеге келген. Кейін ата-анасымен тарихи отаны Германияға көшіп кетіпті.

Ирина мен Виктория аз ғана уақыттың ішінде тіл табысып, бір-біріне қатты бауыр басыпты. Тіпті, мұның достық емес, туыстық қатынас екенін өздері де түсінген. Ақыры ата-аналарын таныстырғанда бір-біріне сыңар екенін біліпті.

Викторияның Виктор есімді сыңары бар. Олар да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Есесіне, Виктор мен Карина аумай қалған. Ата-аналары сұрастыру барысында анықтағандай, перзентхана қызметкерлері егіздер дүниеге келгенде оларды шатастырып ауыстырып алған.

«Мен алғаш естігенде есеңгіреп қалдым. Германиядағы егіздердің ата-анасы да дәл осындай сезімде болған. Барлығымыз видеоконференция арқылы сөйлескенімізде жасымызды тыя алмадық», – дейді Карина.

Генетикалық сараптама Ирина мен Викторияның апалы-сіңлі екенін, Карина мен Виктордың егіздер екенін анықтап берді.

«Әрине, мен Каринаны қатты жақсы көремін. Бірақ, өзімнің сыңарым деп Виканы айтамын, біз екеуміз бір бүтін секілдіміз», – дейді Ирина.

Бүгінде Ирина мен Виктория болашаққа жоспарларын құрып қойған. Олар жолығып, әлі талай уақыт сырласатын болады. Ал, Карина мен Виктор болса өмірлерін өзгерткісі жоқ.

«Менің отбасым Қазақстанда, менің күйеуім бар, ол - қазақ. Ата-енем бар. Өзімнің анам бар. Ана деп сені туған адамды емес, тәрбиелеп өмірген адамды айтады. Германиядағы анамды да жақсы көремін, бірақ ойша жақсы көремін. Ал, мені өсірген анамды жүрегіммен сүйемін», – дейді Карина.

Каринаның Германиядағы әкесі қазақстандық дәрігерлер мен шенеуніктерді енді сотқа бермекші. Ол Шымкенттен адвокат жалдап, полицияға арыз жазған. Алайда, тәртіп сақшылары 25 жыл бұрын өтіп кеткен оқиғада қылмыстық құрам жоқ деп істі жауып тастаған көрінеді. Дегенмен, қорғаушы қайта арыз жазып, енді халықаралық сотқа шағымданбақшы.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар