Ақтөбеліктер қалада пайда болған жаңа екі ауданға «Астана» және «Алматы» деген атаулардың беруіне қарсылықтарын білдіруде. Белсенді азаматтар бүгінде Назарбаевтың атына хат жазып, тұрғындардың қолын жинап жатыр.
Еске салайық, жуырда Ақтөбе билігі қаланы екі ауданға бөлуге шешім шығарғанын мәлімдеген болатын. Қалалық мәслихаттың депутаттары ол аудандардың біріне — Астана, екіншісіне Алматы деген атау да беріп қойған екен. Шешімді депутаттар 6 сәуір күні бір ауыздан қолдап бекіткен. Енді ол республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі. Соңғы сөзді сол комиссияның мүшелері айтады.
Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, Ақтөбе соңғы уақытта өте жылдам өсіп келеді екен. Сондықтан қаланы екі ауданға бөлуге тура келіпті. Болашақта Ақтөбе ірі мегаполиске айналуы да мүмкін дейді атқамінерлер. Алайда, қала тұрғындары жергілікті биліктің дәл осылай өздерінше шешім қабылдағанына наразы. Қос ауданға атауды халықтың пікірінен кейінғана қоюы керек дейді белсенді азаматтар.
Бүгінде Ақтөбедегі 20 қоғамдық ұйым Мемлекет басшысының атына ашық хат жазып, жаңа аудандарға Ақтөбеге қатысты атауларды беруін сұрады.
«Халықтың басты реніші — биліктің тұрғындармен ақылдаспай өздерінше шешім қабылдауы. Тек мәслихат отырысының ертесіне ғана халық қалада екі аудан пайда болатынын, оларға Астана мен Алматы деген атаулардың бірелітінін естіді. Билік болса еш ұялмастан мұны халықтың қалауы деп айтып отыр. Олай емес. Біз өз атауымызды ұсынып отырмыз. Халықтың көпшілігі жаңа екі ауданға Елек және Сазды деген атауларды беруді сұрауда. Бұл екі өзеннің атауы біздің тарихымыздан сыр шертеді. Билік мұны неге ескермеген?», — дейді жергілікті белсенділердің бірі Айтқали Италиев.
Егер билік халықтың талабына құлақ аспаса митингке шығамыз дейді Назарбаевқа хат жазған ақтөбеліктер.