Көктемде қар еріп, жазда жаңбыр жауса болды, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің ғимараты бассейнге айналады. Төбесінен сорғалап аққан суды оқу орнының әкімшілігі шелекке жинап алып, төгіп отырған. Бүгін Жаңа Адамдар қозғалысының белсенділері осыған байланысты «Шелек шабытты құртады!» атты арнайы флешмоб өткізіп, өз қарсылықтарын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Кейде университет ғимаратының бойында орналастырылған бұл шелектердің саны ондағы музыкалық аспаптардың санынан асып түсетіндей әсер қалдырады. Студенттер сабаққа жету үшін түрлі кедергілерден өтеді. Оқуға құрғақ күйде келу мүмкін емес. Осының барлығын студенттер ғана емес, «Шабытқа» спектакль қойып, шеберлік сағаттарын өткізетін шетелдік өнерпаздар да үнемі бақылап отырады», - дейді флешмоб өткізген белсенділер.
ҚазҰӨУ төбесінен су ағып жатқаны жайлы ақпарат бұған дейін де БАҚ беттерінде жарық көрген. Сол секілді әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түскені белгілі. Бірақ университет басшылығы бұған ешқандай реакция білдірмеген.
Алайда Жаңа Адамдар бұл жағдайға көз жұма қарамайды. Үрейден бас тартып, өз құқықтарыңызды талап ететін кез келді дейді белсенділер
Олардың айтуынша, «Шелек шабытты құртады» флешмобы ҚазҰӨУ ғимаратының жан түршігерлік жағдайына назар аударуды көздейді.
«Шабыттың» студенттері балық немесе сүңгуір емес. Олар қалыпты жағдайда шығармашылықпен айналысуға лайық. Біз ҚазҰӨУ басшылығына осы мәселені шешуді немесе лайықты жандарға орындарын босатуды ұсынамыз. Университеттің шатырынан ағып жатқан су мен залда тұрған көп шелек ҚазҰӨУ студенттері үшін үйреншікті көрініске айналды. Адамдар бұл жағдайға шыдау арқылы күнделікті нормаға айналды. Бірақ олай болмауы керек! Студенттер ыңғайлы және қауіпсіз жағдайда білім алуға құқылы. Жаңа Қазақстан дәл осындай өзгерістерден басталады. Бұл жерде жай ғана инфрақұрылымның емес, ұлт ретінде, адам ретінде өзімізді құрметтеу мәселесі тұр», – дейді Сарсенов Әлихан.