Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде қозғаған экономикалық бастамаларына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент айтқан «Орташа табыс тұзағы» деген не? Нақты бір адамды мысалға келтіріп айтсақ, табысың кедейліктен сәл жоғары, бірақ одан ары өсуге жол жоқ деген сөз. Былай қарасақ, жаман өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бәрі бар сияқты. Бірақ осы «орташа табыс тұзағынан» құтыла алмай отырмыз. Бұл тұзақтан құтылуға экономикалық өсім ғана жеткіліксіз. Экономиканың өсімін мұнайдың есебінен қамтамасыз етуге болады. Мысалы, ертең қандай да бір оқиғаның салдарынан мұнай бағасы барреліне 140 доллар болып қымбаттап шыға келсе, біздегі экономика оп-оңай 6%, 7% өсім көрсетеді. Бірақ ол адамдардың өмірін өзгертпейді. «Орташа табыс тұзағынан» құтылу үшін экономиканы әртараптандыру керек. Яғни шикізат экспортына арқа сүйеген экономикадан кетуіміз керек», - деді сарапшы.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы кеңейтілген кеңесте Қазақстан кейінгі 10 жылда «орташа табыстың тұзағына» тап болғанын айтқан болатын.
Оның сөзінше, реформалар шынайы сипат алып, сауатты жүргізілсе, бұл тұзақтан 6-7 жылдың ішінде сытылып шығуға болады.
«Бұл бағытта алғашқы қадам жасадық та. Бірақ ол қадам мардымсыз болып жатыр. Мысалы, пандемия кезінде Қазақстанның қайта өңдеу саласы ел тарихында алғаш рет тау-кен өндірісінен көп өнім берді. Қазір тау-кен секторы қайта басымдыққа шықты. Бірақ өсімі тым баяу. Даму көрсеткіштері революциялық деңгейде болу үшін бізге революциялық қадамдар керек», - деді Андрей Чеботарев.
Сондай-ақ, ол ел арасында Үкіметтің елде тиімді зауыттар салмай жатқанын сынайтындар көп екенін айтады.
«Үкімет нарықтық экономика жағдайында өздігінен зауыт ашып, электр стансаларын сала алмайды. Бұл бизнестің жұмысы. Билік соған ашық «ойын ережесін» ұсынуы керек. Екіншіден, инвестор әкеліп, кепілдік беруі шарт. Қазір ауқымды инвестиция тартып жатқанымен революциялық серіпіліс жасауға жетпей тұр», - дейді сарапшы.
Андрей Чеботарев елімізде базалық мөлшерлеменің 16,75% болып тұруы бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесіне әсер етіп отырғанын еске салды.
«Шағын және орта бизнес көбінде ғимарат пен қойма жалдап жұмыс істейді. Онда тұрған ештеңе жоқ, қалыпты жағдай. Бірақ иелігінде ондай мүліктің болмауы оның банктерден несие алу мүмкіндігін төқмендетеді», - деді Андрей Чеботарев.