$ 480.63  535.13  5.27

«Мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр»: Президент балалар өлімі жайлы

Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керектігін айтты.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Үкіметтің кеңейтілген отырысында балаларға қатысты қылмыстар мәселесі де президенттің назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», – деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керектігін айтты.

«Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деді президент.

Айта кетейік, жуырда Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тарады. Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары