Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда еліміздің ішкі саяси реформаларының орнықты болуы өте маңызды. Мұны жете түсінетін Президент өз Жолдауларында жаңа саяси тәжірибе – жариялық принципіне зор көңіл бөлгені анық, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз.
Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Осы орайда Мемлекет басшысының жұртқа жариялаған маңызды құжатында халықтың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға баса назар аударғанын ерекше атап өткен орынды. Әйтпесе ел халқының табысы төмендеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәз болмай тұрғаны белгілі.
Мәселен, Президент жанындағы ҚСЗИ зерттеулерінің деректері Қазақстан халқының басым бөлігінің нақты табыстарының деңгейі оларға өз қажеттіліктерін толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік бермейтінін көрсеткен.
Жолдауда осы мәселеге де айрықша маңыз берілді. Ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін енгізу, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін арттыру және тағы да басқа қадамдар жасалды. Ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін арттырылып, ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайды.
(Фото:ltvakcent.kz)
Сондай-ақ Президент әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде бала тууға байланысты демалыстағы әйелдер мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Мәселен, 2023 жылдың қаңтарынан бастап бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін арттыру ата-ана үшін аз көмек болмаса керек. Сол секілді Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты толғандыратын барлық мәселені қамтыды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында қандай кемшіліктердің бар екенін және қандай нақты шешімдердің, заңдардың қабылдануы қажет екендігін де саралап берді.
Осы орайда Президент мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлығы сөз жүзінде ғана жұмыс істемей, нақты іске көшуі керек екенін айтты. Мұны алдыңғы Жолдауында да мәлімдеген. «Біз жақсы есеп беруге жақсымыз, ал іс жүзінде тапсырманың нәтижесі басқаша болып жатады» деген болатын.
(Фото: BAQ.KZ)
Бір айта кетерлігі, балаларға арналған ұлттық қордың құрылуы өте маңызды қадам болды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар нақты тапсырма берілді. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына түсетін болды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болды. Мұндай мәселе әлемде санаулы елде ғана бар десек, бұл - жастардың болашағына үлкен сенім беретін жағдай.
Жастар демекші, олардың жұмыссыздық мәселесіне байланысты 100 мың жасқа жұмыс орнын ашуға тапсырма берді. Өйткені ел келешегінің тізгінін ұстар кейінгі буынның кәсіби тұрғыда білікті, тәжірибелі, қазіргі жаңа заман технологиясына бейімделген, бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекет тарапынан жасалатын қолдау да жоғары деңгейде болуы керек. Оның үстіне, кез келген қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында жастардың орны бөлек. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда: «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала шықпайды». Сол себепті елімізде жүргізілетін жастар саясаты қай кезде негізгі басымдық берілетін алдыңғы қатардағы өткір мәселелердің бірі болып қала бермек.
(Фото: egemen.kz)
«Еуропалық құқық және адам құқықтары институты» қорының директоры Марат Бәшімовтің пікірінше, Президент Жолдауы Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді.
Әділеттілікте ең бірінші жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлағының иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық көрмей отырғаны әділетсіздік. Екінші үлкен мәселе – құқық саласы. Осы саладағы түрлі әділетсіздіктер салдарынан парақорлық көп, ал құқық саласында әділеттілік орнамай, елдің дамуы да жақсармайды, – дейді ол.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айтқан болатын.
Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады, - деді Мемлекет басшысы.
(Фото: Ақорда)
Осы орайда «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ұялары жемқорлардан тәркіленіп алынған ақшаға тұрғызылатынын еске сала кетейік.
Осы орайда «Жайлы мектеп» жобасы туралы жаңалық білім саласында еңбек етіп жатқан мамандардың көңілінен шықты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтін біздер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны барлығымыз біріге отырып іске асырсақ деген ниет бар. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине, өз кедергісін келтіреді. Осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымызда, – дейді саясаттанушы, қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек.
Білім демекші, Мемлекет басшысының өз Жолауында мектепке дейінгі мекеменің жұмысын басты назарға алуы да үлкен міндет жүктейді. Бүгінде екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің жартысынан астамы ғана балабақшамен қамтылған. Мемлекет басшысы бұл тығырықтан шығу керек екенін қадап айтты.
Сонымен қатар тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақасын көбейту туралы айтқан ұсынысы да балабақша қызметкерлері тарапынан қызу қолдау тапты.
(Фото: avesta-news.kz)
Мемлекет басшысы тәрбиешілерге қойылатын нақты талаптарды бекітуді тапсырды. Бұл орайда жүктемесі азайған балабақша тәрбиешілері жұмысының да жүйелі әрі сапалы түрде өрбитіні айтылды. Осылайша, табысты ұлт болудың басты шарты дені сау, жан-жақты дамыған ұрпақ екенін айқын дәлелдеп берді.
Бұдан бөлек, Президент ел экономикасын жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауды нығайтуға, ауыл шаруашылығы секторының қарқынды өсуіне басымдық берді. Сонымен қатар Салық кодексін және өзге де бірқатар мемлекеттік реттеу механизмін түбегейлі түрде қайта құруға назар аударды.
Жолдаудағы ірі басымдықтардың бірі – Жаңа Қазақстанның басты бес бағыты: жаңа экономикалық саясат, экономиканың нақты секторын дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң мен тәртіпке ерекше басымдық беру. Бұл басымдықтар – Жаңа Қазақстанның бес тұғыры. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық саясаттың арасындағы тепе-теңдік сақталған. Мысалы, жеке бастамалар ынталандырылады. Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдетілген кредит беріледі. Жалпы, Президент аманаттаған тапсырмалардың салмағы жоғары. Әсіресе, солардың ішінде елімізге кіретін су көздерінің азаюы, судың 40%-ның жерге сіңіп кетуі мемлекет үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
(Фото: aigak.kz)
Сондай-ақ, «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын нығайтуға ерекше мән беріп отыр. Өйткені, өміріміздің сапасы мен ұзақтығына, әрине, деніміздің саулығы үлкен әсер етеді. Осы ретте алдағы екі жылда ауылдық жерлерде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Онымен қоса алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Енді аудандық ауруханалар да заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Мұның барлығы халықтың денсаулығын жақсарту мәселесін шешуге тікелей әсер етеді. Ел Президенті, ең бастысы, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алып жатыр.
Жалпы, Президенттің елдің дамуы үшін жасалатын қадамдарды қадап тұрып айтуы жұртшылықтың көңілінен шықты деуге толық негіз бар.