$ 494.87  520.65  4.91

Президент Жолдауы: Ел экономикасына тың серпіліс қажет

Мемлекет басшысы халықтың игілігі үшін алда болатын әр салады реформаларды атап көрсетті.
Коллаж: kazlenta.kz
Коллаж: kazlenta.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан¬ның эконо¬микалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы, атауы айтып тұрғандай, толық экономикалық мәселелерге арналды десек, қателеспейміз. Мемлекет басшысы ел экономикасын дамыту¬ға арналған ірі жоба-жоспарын таныстырып, бұл бағыттағы әрбір мәселеге жеке-жеке тоқ¬талып өтті, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Жолдауда, ең алдымен, ұлттық эконо¬миканың құрылымына қатысты реформаның басты бағыттары ашық айтылды. Елі¬міздің экономикалық қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық экономиканың ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі ерекше атап өтілді. Себебі бүгінде геосаяси жағдай ушығып, әлем¬дік на¬рықта экономикалық тежелу анық байқалып отыр.
Мәселен, Президент Жолдауда жаңа өнеркәсіп саясатын жүргізіп, еліміздегі жұмысқа отандық шикізатты, тауар мен кадрларды пайдалану қажет екенін ескертті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік мәселесін ерекше атап өтті. Тоқаевтың пайымынша, қорғаныс өнеркәсібінде импортқа тәуелді болмай, әскерімізді заманауи әскери техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті өндірісті дамытуды тапсырды. Осы орайда Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетілетінін айтты.

Тағы бір маңызды жаңалық, жаңадан екі министрлік құрылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен көлік ведомствосы. 

Шынымен де елімізде көлік-логистика және су шаруашылығын дамыту маңызды болып отыр. Әйтпесе бұл саланың әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанымызға дәлел-дәйек жеткілікті. Сын көтермейтін автожолдар құрылысы, жемқорлық сынды кедергілер жетіп-артылады.

«Судың да сұрауы бар» демекші, соңғы кезде су жетіспеушілігі мәселесі қоғамда жиі көтеріле бастады. Міселен, күні кеше астаналықтар суға қол жеткізе алмай, біраз дүрліккені белгілі Ол – ол ма, жалпы әлемді судың маңызы алаңдатып отыр. Халық саны өскен сайын суды көбірек тұтынатынымыз заңды. Жалпы, бұл салада біраз мәселе бар. Трансшекаралық су көздеріне тәуелдіміз. Осыны ескерген Президент 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін жеткізді. 

Осы тұрғыдан келгенде Президенттің жеке-жеке министрлік құру туралы тапсырмасы орынды болғаны анық.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те Мемлекет басшысының бұл бастамасын құптайды.

Өзім 8 аймақты араладым. Өңірлерлегі су тапшылығын өз көзіммен көрдім. Құрғап кеткен далаларды көрдім. Сондықтан су тапшылғына байланысты арнайы министрліктің құрылуы дұрыс шешім, - дейді ол.

Бұдан бөлек, өз Жолдауында Президент елімізде IT-саланы дамыту, экожүйеге дұрыс көңіл бөлу, креативтік индустрия мен орта кәсіп¬керлікті өркендету секілді түйткілі мол мәсе¬лелерге назар аударды.

Мәселен, біздің экономикамызда басымдық шағын бизнеске арналған. Яғни, сауда және қызмет саласы. Ал нағыз отандық өндірушілер орта бизнес өкілдеріне ешқандай артықшылық берілмеген. Президент оны осыған дейін де бірнеше рет айтты. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жағдайда реттеуді тапсырды, - дейді Азат Перуашев.

Сондай-ақ депутат кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істерді тоқтату туралы мәселе өзекті екенін айтады.

Себебі қылмыстан бөлек экономикалық тұрғыда да жауапкершілік болуы керек. Мысалы, бір кәсіпкер салықты төлей алмай қалса, оған бола түрмеге отырғызудың қажеті жоқ, кәсіпкерге айыппұл салу керек. Қазіргі кезге дейін қаншама кәсіпкер осындай дүниеге бола түрмеге қамалды», - дейді ол. 

Тағы бір сарапшы - Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарема Шәукенова Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа экономикалық үлгіге көшудің стратегиялық міндетін қойып, оның негізгі ерекшеліктерін атап өтті, сондай-ақ салалық және функционалдық сипаттағы осы үлгіні іске асырудың негізгі бағыттарын белгілеп берді деген пікірде.

Бұл үлгінің басымдықтары - әділеттілік, инклюзивтілік және прагматизм, ал басты мақсат – азаматтардың өмірін жақсарту. Мемлекеттің жаңа экономикалық бағыты азық-түлік өндірісін, өнеркәсіптік өнімдердің көптеген түрін, энергетика, цифрлық технологиялар және т.б. өзін-өзі қамтамасыз етуді, сондай-ақ «елдің мықты өнеркәсіптік негізін» құруды көздеуі керек, - деді академик.

Оның пікірінше, жаңа экономикалық үлгінің негізгі саласы қазіргі уақытта әзірленіп жатқан бірқатар шара негізінде жедел дамуды талап ететін өңдеу өнеркәсібі болуы тиіс. Оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту, салықтық жеңілдіктер (салықтардан және жаңа өндірістердің өзге де төлемдерінен үш жылға босату), негізгі салалардағы маңызды жобаларды кешенді қолдау, өнеркәсіпті әртүрлі салалардан қаржыландырумен қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтары бар және жедел дамуы үшін металдарды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар өндірісі сияқты өңдеу өнеркәсібінің неғұрлым перспективалы салаларын атады. Жаңа өнеркәсіптік саясатты іске асыру үшін бірқатар негізгі салалар мен жоғары деңгейдегі өндірістерде тұйық циклды қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс, - дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы экономикалық өсімнің жаңа көзі ретінде өңдеу өнеркәсібінен басқа, агроөнеркәсіптік сектор, энергетика, сонымен қатар 2026 жылға дейін 1 млрд АҚШ доллар көлемінде өнім экспортына шығудың үлкен міндеті қойылған IT-саласы, креативті индустрия жедел дамуға ие болатынын айтады.

Президент өз Жолдауында Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің ресурстық базасын қамтамасыз етіп, қазіргі уақытқа дейінгі экономикалық қызметтің негізгі түрі болып келген геологиялық барлауды жандандырудың аса маңызды мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі.

Зарема Шәукенова атап өткендей, тау-кен секторын басқару жүйесін жаңғырту және 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық зерделеу алаңын ағымдағы бір жарым миллионнан 2 миллион 200 мың шаршы шақырымға дейін күрт ұлғайту негізінде минералды - шикізат базасын толықтыру міндеті қойылды. Бұл шаралар Қазақстандағы экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі ретінде өндіруші сектордың дәстүрлі рөлін сақтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған маңызды құжатында жаңа экономикалық бағыттың салалық аспектілерімен қатар, ақша-несие, салық, бюджет және басқа да экономикалық саясаттың негізгі бағыттарында болатын алдағы реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың ең маңыздылары мемлекеттік активтерді жекешелендіру курсын жалғастыру; республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге ҚҚС қоса алғанда салық шегерімдерінің қомақты сомасын аудара отырып, бюджетаралық қатынастарды реформалау; салықты оңтайландыру; экономиканың басым жобаларын әзірлеуді қаржыландыру үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалану.

Академик бұл Жолдауда Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының тұжырымдамасы мен негізгі элементтері белгіленіп қана қоймай, оның мазмұны нақтыланып, қазіргі тұрақсыздық жағдайында ұлттық экономиканы әртараптандыру мен оны жаңғыртуға бағытталған бағдарды іске асырудың кешенді шаралары ұсынылғанын айтты.

Президент Жолдауынан соң іле-шала Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет мүшелерімен жиын өткізді. 

Ол әр өңірде Креативті индустрия орталықтарын құру жөнінде шаралар қабылдау қажет екенін тапсырды. 

Үкімет басшысы атап өткендей, алда мәдениет, дін және этносаралық қатынастар, жастар және отбасы саясаты, азаматтық қоғам, ақпарат, кинематография салаларын одан әрі дамыту, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра мен мемлекеттік рәміздерді қорғау, мұрағат ісін дамыту және т.б. міндеттер тұр. Сондай-ақ ішкі сауданы дамыту, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын ілгерілету, республиканың сауда-саттықтағы әріптестерімен интеграция салалары бойынша маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. 

Әлихан Смайлов өз сөзінде республиканың көлік-логистика саласын одан әрі дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. Теміржол және автомобиль жолдары, әуе қатынасы, теңіз көлігі саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша қойылған міндеттер орындалуы қажет екенін еске салды.

Үкімет басшысының айтуынша, көлік секторы экономиканың дамуына зор үлес қосып, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін арттырады.
Президент өз Жолдауында ең төменгі жалақыны көтеру, халықты жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аударды. 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, - деді Әлихан Смайылов жиында.

Ол сондай-ақ жұмыс орынындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және болдырмау үшін 2030 жылға дейін платформалық жұмыспен қамту саласын және қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын реттейтін Еңбекті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету қажеттігін айтты.

Осы орайда Үкімет басшысы туризмде кемінде 15 ірі серпінді жоба іске асырылуы тиіс екенін айтты. 

Оларды жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар да, отандық бизнес де белсенді қатысуы қажет. Елдің имиджі негізінен туризм саласының даму деңгейінен, қызмет көрсету сапасынан қалыптасады. Сондықтан бұл салада серпіліс қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы спорт саласында қысқа және орта мерзімді перспективада Қазақстанның Жазғы Азия ойындарына лайықты түрде қатысуы, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу, сондай-ақ барлық күш-жігерді жұмсап, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алу қажеттігін атап өтті.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы халықтың игілігі үшін алда болатын әр салады реформаларды атап көрсетті. Сондай-ақ Үкіметтің алдағы маңызды міндеттерін айқындап берді. Оның сапалы әрі уақытында орындалу-орындалмауын уақыт көрсетеді...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары